Қоғам

Облыс орталығында Тайынша ауданының мәдениет күндері өтуде

Жәрмеңкелердің орталығына айналған өңірді сол себепті де “Тайша”, кейін “Тайынша” деп атап кеткен. Жалпы аудан Красноармейск, Чкалов және Келлеров өңірлерінің біріктірулерінен 1997 жылдың 2 мамырында құрылыпты. Аумағы 12 мыңдай шаршы шақырымды құрайды. Бүгінде құрамында 20 ауылдық округ пен 90 елді мекен бар. Өлке тарихы жайлы мағлұматтардың барлығы аудандық архивте сақтаулы.

Жаслан Қосмағамбетов – Тайынша аудандық архивінің директоры:

– Біздің мұрағат 1986 жылғы 4 сәуірден бастап жұмыс істеуде. Архивте 517 қор мен 129 678 құжат бар.

Ел басына күн туғанда Тайынша жерінен Ұлы Отан соғысына 3 мыңдай жауынгер аттаныпты. Бүгінде аудан қаһармандарының тек 8-нің ғана көзі тірі. Майдан шебіне аттанған жерлестер жайлы түрлі мақалалар мен деректер мына “Сталин жолымен” атты газетте басылып шыққан. Сондай-ақ, мерзімді басылымда өлкенің тыныс-тіршілігі, тыл еңбеккерлері жайлы да мағлұмат бар. Бұдан басқа, аудандық архивте 1910-14 жылдар аралығын қамтитын бірнеше құжат сақтаулы.

Гүлнәз Бәкірова -Тайынша аудандық архивінің архивисті:

– Көрмеге 20 ғасырдың басындағы құжаттарды әкелдік. Көне орыс әліппесімен басылған мына кітапшада өлкеге қоныс аударушылар жайлы мәліметтер бар. Сол жылдары аймаққа Украина, Ресей, Шешенстан мен Польша тұрғындары жер аударылған. Ал, келесі құжат кириллица мен латын әріптерімен жазылған. Бұл жерде “Ортақ” колхозында жүргізілген халық санағының нәтижесі бар. Деректерде, отбасы мүшелері мен оларға тиесілі мал басы саны да көрсетілген.

Кейін, Тайыншалық мәдениет күндері облыстық кітапханада жалғасын тапты. Олар бүгін солтүстікқазақстандықтарды нәтижелі жұмыстарымен таныстырып, үлкен және кіші оқырмандары үшін ұйымдастыратын іс-шаралары жайлы айтып кетті. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері өлкенің ғұлама жазушылары мен елге танымал қайраткерлерінің еңбектері жайлы көрме дайындапты.

Сәуле Байқадамова – Тайынша ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы:

– Біздің Тайынша жеріміз талантты адамдарға бай. Олар өз өлкесін дәріптеп, Қазақстан тарихында жарқын іздерін қалдырған. Біз өз жерлестірімізбен мақтан тұтамыз.

Жалпы, Тайынша ауданында 39 кітапхана жұмыс істеуде.

 

Эльмира Садвокасова