МТРА жаңалықтары

Ескі саябақта шабылған ағаштар ауру болып шықты

Василий Зверяченко – дендролог, ғалым:

– Міне, мына ағаштың бас жағында жапырақ жоқ. Кеуіп қалған. Шабу керек. Тағы біреуін саңырауқұлақтар бүлдіріп жатыр. Бұларды кескен соң жол ашылады. Бұнда орындық орнатып, гүл отырғызамыз.

89 жастағы қарт 1950-ші жылдары нақ осы саябақта ағаш отырғызуға ат салысқан. Құрамындағы 67 адам дендролог болыпты. Яғни, ботаника саласынан білімдері барлар. Қазір жасыл желкендер өз қызметтерін толығымен атқарып болған. Көбі ауру. Сол себепті ағаштарды санитарлық шабу туралы ұсынысты Василий Зверяченко тастапты.

Василий Зверяченко – дендролог, ғалым:

– Бұнда жарықты сүйетін ағаштар бір-біріне тығыз отырғызылған. Күнге жақын өсеміз деп қисайып кеткен. Алғашқы күні осында болып қай ағашты кесу қажеттігін көрсеттім. Оларды қызыл қаламмен белгіледік. Қазір оны жауын-шашын шайып кетті. Көбі айтады халықпен ақылдасу керек еді деп. Бірақ, бұл жерде ботаниканы меңгерген мен, және осы ағаштарды да отырғызуға ат салыстым. Оларды менен артық білетін адам жоқ.

Бүгінде ескі саябақта 8 мыңға жуық ағаш бар. Мұнда мамыргүл, үйеңкі, балқарағай сынды жасыл желкендер бар. Бұның 2 мыңға жуығы шабылмақ. Жергілікті билік өкілдері олардың орнын толықтырамыз деп сендіруде. Отырғызылатын ағаштар сәнді, ұзақ мерзімді және экологиялық маңыздылыққа ие. Мұнда енді қылқан жапырақтылар көп болмақ. Айта кету қажет, оларды тиындар жақсы көреді. Дендрологтың айтуынша жабайылар үшін алаңдауға еш негіз жоқ. Олар алдағы уақытта да бүгінгідей ағаштарды мекен ете береді.

Василий Зверяченко – дендролог, ғалым:

– Бұнда тиындар ұнататын қылқанжапырақтылар көптеп отырғызылады. Оның жаңғағын аңдар сүйеді. Олардың өміріне еш қауіп жоқ. Қыс бойы осында тұрады. Жаңа ағаштар пайда болғанына керісінше қуанады.

Абай мен Пушкин ескерткіштерінің артында жайқалып өскен қарағайлар өзге жерге отырғызылыпты. Біртіндеп бейімделіп жатыр екен. Жалпы қаланың кей тұрғындары саябақтың жаңа кейіпке енетіндігіне разы.

Вазипа Құлыбекова – зейнеткер:

– Су бұрқақтар көп болса деген өтінішім бар. Апаттық ағаштарды кесу керек. Себебі, ертең біреудің басына құлауы ғажап емес.

Евгений Маргунов -“Надежда” әуесқой жүгірушілер клубының төрағасы:

– Бұл саябақта күнде жүгіреміз. Бірақ, үнемі лас, қоқыс шашылып жататын. Қаңғыбастарда көп жүреді. Қыста қар қалың, жүгіру қиын. Қазір жаңғыртылып жатыр. Енді көркейеді деген сенімдемін. Жүгіруге арналған арнайы жолақ төселсе нұр үстіне нұр болады.

Тағы бір жәйт, ескі саябақты қаңғыбастар мекен етеді. Ішімдік ішетін тұрақты орындары да бар. Ішінде мысы болған сымға дейін жатыр. Құнды металлды сатып, ақшасына ащы сусын алған секілді. Тағы отқа жанған жеке куәліктерде бар. Бұл қолды болған сөмкелердің иесінікі деген болжам бар. Жалпы ескі саябақтағы жаңғырту жұмыстары қараша айында толығымен аяқталмақ.

 

Риат Шони