МТРА жаңалықтары

13 мың петропавлдық үй кезегінде тұр

Вера Сутягина, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қазір шотымда 3 млн 150 мың теңгем бар. Қайталама нарық бойынша 6 млн теңгеге пәтер алмақшымыз. Жалпы соманың 50 пайызы жиналды, енді үй алғасын 5 пайыздық үстемемен айына 40 мың теңгеден 6 жыл бойы төлеймін. Салған ақшамның үстінен жыл сайын 20 пайыз мелекеттік сыйақы да түсіп отырды. Өте ыңғайлы. 

Бүгін банкке келгендердің көбі маман кеңесін алып, депозит ашып жатты. Бас сұққандардың барлығы да баспаналы болғысы келетіндер. Тұрғындарға мұндай мүмкіндікті ашық есік күнін ұйымдастырған қалалық әкімдік қызметкерлері тудырып отыр. Себебі, облыс орталығының өзінде 13 мың адам үй кезегінде тұр.

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашу тегін. Тек алғаш ашқанда шотыңызда 15 мың теңге болуы шарт. Кейін ай сайын тұрақты түрде тиісті соманы салып тұрасыз. Ал, баспана құнының 30 пайызын жинағаннан кейін, пәтер алудан үміттене беруіңізге әбден болады.

Шолпан Шәріпова, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ көшбасшы кеңесшісі:

– Біздің банк арқылы жыл соңына дейін берілетін 7 үйді ипотекалық несиелеу желісі бойынша алуға болады. Оның бесеуіне ендігі байқау жарияланды. Өзге Береке шағын ауданындағы 75 пәтерлі екі үй мен Юбилейное ауданындағы 170 отбасыға арналған баспанаға да жақында байқау жарияланбақ. Оларға биыл шот ашқан салымшылар үлгермейді.

Депозит ашқаныңызға 3 жыл 3 ай болса ғана баспанаға 5 пайыздық үстемемен қол жеткізесіз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үй кезегіне тұрмай-ақ, пәтерге қол жеткізе алады. Айту керек, жыл басынан Петропавлда “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 4 үй қолданысқа беріліп үлгерген.

Акбопе Танирберген