МТРА жаңалықтары

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында дәрігер-рентгенолог Игорь Поляковтың картиналары қойылған көрме жұмыс жасауда

Игорь Поляков, суретші, облысытық кардиологиялық орталықтың дәрігер-рентгенологы:

 

– Сурет салуға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында оянды. Сол кездегі туындыларым әлі сақтаулы. Алғашында суретті қаламсаппен салып жүрдім. Кейін гуашь және майлы бояуларға көштім. Ермегім мамандығыма еш кедергі келтірмейді. Керісінше, жан толғанысымды картиналарым арқылы жеткіземін.

Көрмеде қойылған көркем картиналардың саны 30-ға жуық. Дені жыл мезгілдері мен Қызылжардың көрікті жерлері бейнеленген пейзаждар. Бәрі Игорь Борисовичтың қылқаламынан туған. Туындыларды тамашалап, туысқандық қолдау көрсетуге суретшінің отбасы мен дос-жарандары келіпті.

Руслан Кодзоев, Игорь Поляковтың досы:

– Игорь Борисович менің жақын досым. Екеуіміз бір мектепте оқығанбыз. Бес саусағынан өнері тамған жан. Дәрігерлік қызмет пен сурет салудан бөлек гитарада кремет ойнайды, ән де шырқайды. Менің ойымша, әуесқой қылқалам шебері үшін бұл керемет туындылар. Досыма табыс, алға басушылық тілеймін.

Мына туынды “Айлы түн” деп аталады. Жуырда ғана жазылған картинаның тарихы ерекше. Қылқалам шебері туындыны Түркияда демалып жүргенде жазған екен.

Игорь Поляков, суретші, облысытық кардиологиялық орталықтың дәрігер-рентгенологы:

– Екі жыл бұрын Түркияда демалған болатынбыз. Қараңғы түскен уақытта жұбайыммен теңіз жағалауында серуендеп жүрген едім. Теңіз толқындарына түскен айдың сұлбасы маған ерекше әсер етті. Кескіні жадымда сақталған екен. Елге оралған соң картина жазуды ұйғардым. Ең қызығы, туынды үш сағаттан соң дайын болды.

Тума таланттың туындыларын тамашалауға жергілікті өнер колледжінің ұстазы Людмила Гатыч та келіпті. Кәсіби сурет өнерінен сабақ беретін педагог әуесқой суретшінің картиналарына оң баға берді.

Людмила Гатыч, “Өнер колледжі – музыкалық – эстетикалық бейнедегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп – интернат кешені” КММ мұғалімі:

– Бұл картиналарда сурет салу техникасының түр-түрін кездестіруге болады. Шебердің өзіндік стилі байқалады. Бояуларды қолдану мен араластыру әдісі де ерекше. Автордың ылғи ізденісте жүретіні көрініп тұр. Кәсіби тұрғыдан қарағанда жаман емес.

Қылқалам шеберінің қолынан 100-ден астам туынды шығыпты. Картиналардың барлығын қоюға өңірлік бейнелеу өнері мұражайының залы тарлау болды деп қалжыңдайды ол. Өнер сүйер қала тұрғындарының құлақтарына алтын сырға. Бұл әуесқой суретшінің соңғы көрмесі емес.