Балалар

“Солнечный дом” қоғамдық қорының құрылғанына 2 жыл!

Татьяна Делль – «Солнечный дом» қоғамдық қорының құрылтайшысы:

– Бұндай ұйымды құру идеясы бізге шуақты балалардың фотокөрмесін әзірлеген кезде келді. Біз олардың қаншалықты өнерлі екенін халыққа дәлелдедік. Бүгін «Солнечный дом» қоғамдық қорына тура екі жыл толып отыр. Осыған орай, үлкен мерекелік шара дайындадық. Біздің қорымыз даун синдромына шалдыққан кішкентай балалар мен ересектерге көмектеседі. Екі жыл ішінде біздің қатарымыз көбейе түсті.

Қазіргі таңда қорға 50-ге жуық адам мүшелік етуде. Олардың арасында 17 жастағы Алмаз Асриев те бар. Жеткіншек достарымен сүйікті қор мерейтойына арнап сахналық қойылым әзірлепті. Бір ай дайындықтың нәтижесі бүгінгі көрерменді тәнті етті.

Баян Асриева – ата-ана:

– Бірінші қыркүйек сабақ басталысымен, Алмаз НЗМ қолөнермен айналысады. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері спорттық кешенде гимнастикамен шұғылданады. Ұлыма барлығы ұнайды.

Қазіргі таңда қорда 7 үйірме жұмыс істейді. Бұдан бөлек, шуақты балалар түрлі қалалық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. 21 жастағы Юлия Пилигина болса, өнерсүйер қауымға жан біткен қуыршақ биін дайындаған. Бұл хореографиялық нөмірмен нәзікжанды бұған дейін «Демеу жұлдыздары» атты конкурста жеңіс тұғырынан көрініпті. Бүгін де әсем қойылым жұртшылықты таңдай қақтырмай қоймады.

Ал, мына бұрышта қолдан жасалған түрлі бұйымдары саудаға қойылған. Бұл дүниелердің барлығы шуақты балалардың шын ниеттерімен әзірленді. Жалпы іс-шарадан 80 мың тенгедей қаражат жиылған. Бұл қаржы “Солнечный дом” қорындағы балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталмақ.

 

Эльмира Садвокасова