Ауыл шаруашылығы

Өңірдегі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қолдау көрсетілуде

Умида Юлдашева – “Жаңа тілек” ауыл шаруашылығы кооперативінің төрайымы, Қызылжар ауданы:

– Былтыр өз ақшамызға кәсіпті бастадық. Іске 18 млн теңге жұмсалдық. Алдымен, қора салдық. Сосын 70 бас ірі мал алдық.

Қазіргі таңда кооперативтің тасы өрге домалап тұр. Қорада семіртілген ірі қара мал жиі сойылады. Бір айдың ішінде азаматша ет базарына шамамен 3 тонна өнім өткізеді екен. Келісі 1250 теңгеден сатылуда. Ал, биыл ұжымдық бірлестік басшылығы сүт саудасымен де айналысуды бастапты. Ол үшін мемлекет қолдауы көмек болған екен. Кәсіпкер сәуір айында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 6 пайыздық үстемеақымен 3 млн теңге несие рәсімдеген. Қаржыға сүт салқындатқыш қондырғы сатып алынып, пункт тұрғызылған. Қостанайда жасалған аппараттың сыйымдылығы 2 тоннаны құрайды. Бұдан соң, кооператив өнім көлемін арттыру үшін “Ырыс” бағдарламасы арқылы сауын сиырлар алған.

Умида Юлдашева – “Жаңа тілек” ауыл шаруашылығы кооперативінің төрайымы, Қызылжар ауданы:

– Мамыр айынды 9 млн теңге рәсімдедік. Қаражатқа 40 бас сауын сиыр алынды.

Бүгінде бір күн ішінде азаматша 1 тонна сүтті саудалап отыр. Ақтың басым бөлігін мамандар Пенькова мен Новоникольск-2 селоларынан 78 теңгеден сатып алады. Қалғаны кооператив сиырларынан сауылады. Кейін, өнім облыс орталығындағы “Маслодел” ЖШС 95 теңгеден сатылады. Жалпы, биыл өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері бір ғана Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалында 26 ұжымдық бірлестікке 600 млн теңге несие рәсімделіпті.

Олжас Сағындықов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ бас несие менеджері:

– Бүгінге дейін біздің ұйым арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне “Ынтымақ” бағдарламасы арқылы несие көп берілді. Жарты жыл ішінде 16 бірлестік қордан қарызға ақша алды. Қаржының мөлшері 121 млн теңгеден асады. Бұл сомаға 15 сүт қабылдау пункттері ашылып, 1 кооператив құс өсіру ісін бастады. Бұл бағдарламаны пайдалануда Қызылжар ауданының тұрғындары белсенділік танытуда.

Бұдан бөлек, өңірде “Ырыс” бағдарламасы арқылы 178 жоба жүзеге асқан. 450 млн теңгеге жуық ақшаға 2 мың 223 бас аналық ірі қара мал сатып алынған. Тағы, аталған қаржы ұйымынан жерлестеріміз “Береке” бағдарламасымен де несие алыпты.

– Тағы, Солтүстік Қазақстанда “Береке” бағдарламасы да қарқынды дамуда. Әсіресе, аталған жоба Уәлиханов ауданында сәтті жүзеге асуда. 1 ғана аудандағы 10 кооперативке Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 23 млн теңгеден аса несие берілген. Ақшаға 141 бас ірі малдың жас төлдері сатып алыныпты.

 

Култанов Байболат