Денсаулық сақтау

Өңір тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі түсіндірілуде

Маман жиналғандарға елімізде шілденің бірінен аталған жүйе қорына жұмыс берушілер жарна аудара бастағанын айтты. Алғашқы айда солтүстікқазақстандықтар ұйымға 8 млн теңгеден аса қаржы аударыпты. Жаңашылдық аясында ақша жыл соңына дейін жинала береді. Кейін, балтыры сыздап, басы ауырған отандастарымыздың ем-домына жұмсалмақ. Азамат жүйенің тиімді тұстары мол дейді.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Қазір ел дәрігерлері алдында адамның өмір сүру жасын ұлғайту, бала туу көрсеткішін өсіру міндеті тұр. Бұл мақсатқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жетуге болады. Аталған жаңашылдық әлем елдерінің көбінде бар. АҚШ аталған реформаны бұрыннан қолданады. Жүйе арқылы тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін боламыз.

Заң бойынша қорға жұмысшы жалақысының 1 пайызын жұмыс берушілер аударулары тиіс. Бұндай жаңашылдықтың «Барбанг» күрттер этно-мәдени орталығының төрағасы Рашид Надиров толық қолдауда. Бүгінде азаматтың қарамағында 20 адам жұмыс істеуде. Олардың барлығы тарапынан шілдеде ұйымға қаржы бөлініпті.

Рашид Надиров – «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» РҚБ филиалының төрағасы:

– Мен бұл жүйені толық қолдаймын. Аталған реформа өз жемісін беретініне сенімдімін. Өйткені, қазір елімізде көптеген адам ем-дом қабылдай алмай отыр. Олар дәрігерлердің көмегіне мұқтаж. Біздің орталық ұжымы жаңашылдықты толық қолдайды.

Айта кетейік, елімізде арнайы 14 санатқа жататындарға мемлекет өз есебінен төлем жасайды. Бұл тізімге зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер жатады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы отандастарымыз 100-ден аса қызмет түрін тегін пайдаланатын болады.

Байболат Бектемірұлы