Білім

Елімізде ЖОО құжат тапсыру науқаны басталды

Тегін білім алуға талаптанғандардың бірі – Алтынай Мұқанова. Талапкер Шал ақын ауданына қарасты Кеңес орта мектебін қызыл аттестатқа бітіріпті. Маңызды ҰБТ 85 ұпай жинаған. Бойжеткен енді анасының жолын қуып, ұстаз болуға ниетті.

Алтынай Мұқанова – талапкер:


–  Өзім мектепке дейінгі оқыту мұғалімі болғым келеді. Балалармен жұмыс істеген ұнайды.

Жалпы, елімізде ЖОО грантқа түсу үшін құжат тапсыру кезеңі кеше басталды. Науқан шілденің 31-ші жұлдызына дейін жалғасады. Тегін білім алуға кез-келген жас қол жеткізе алмайды. Басты себеп олар жуырда ұйымдастырылған маңызды емтихандарға шектік ұпайды жинаулары қажет еді. Яғни, ҰБТ – 50, ал кешенді тестілеуде кем дегенде 35 балл иеленсе грантқа үміткер бола алады. Комиссия мүшелерінің сөзінше қос сынақтан да сүрінбей өтіп, университетте өтініштерін қалдырған ұл-қыздардың қатары артып келеді.

Гүлмира Оспанова- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Кешеден бері 100 жас ақылы бөлімге қабылданды. Ал, 50 ұл-қыз грантқа түсуге құжат тапсырды. Жерлестеріміздің басым көпшілігі педагогикалық, ауыл шаруашылығы және технологиялық мамандықтарда білім алуға ниет танытты.

Айта кетейік, талапкерлердің грант иеленгендігі жайлы хабар тамыз айының басында белгілі болады. Бұл күндері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистратур мен Phd доктарантура мамандықтарына да құжат тапсыру жүріп жатыр. Өтініштер 30-шы шілдеге дейін қабылданады. Білімдерін толықтырып, ғылыми дәрежелерін арттырамын дегендерге өзіндік қойылар талаптар бар. Олар 2 пәннен емтихан тапсырулары тиіс.

Гүлмира Оспанова- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Емтихан 10-шы тамызда басталады. Сынақ 20-ына дейін жалғасады. Алдымен ағылшын тілінен тест болады. Биыл гранттар көп бөлініп жатыр.

Бүгінде СҚМУ түлектерді 48 мамандық бойынша қабылдауға дайын.

Байболат Бектемірұлы