МТРА жаңалықтары

Тасқынның үлкен қауіпін сейілту үшін өңірге 7,1 млрд теңге қаражат қажет

Үй-күйсіз қалған Заречный кентінің тұрғындары амалы құрып туыстарын паналады. Ал кейбірі №13-ші орта мектепте жайғасқан эвакуациялық пунктте түнеп жүрді. Бұнда оларға күнделікті тегін тамақ берілді. Тасқынның беті мамыр айында сейіліп, тұрғындар күнделікті өміріне қайта оралды. Қызыл судан зардап шеккендерге шығындары толық өтелді. Бүгінгі кездесуде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірде соңғы бес жыл ішінде орын алған тасқын жайын баян етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2013-ші жылы 213, 2014-те 118, 2015-те 62 үйді қызыл су басты. 2016-шы жылы 403 баспана тасқын астында қалды. Ал биыл бұл көрсеткіш 380 болды. Көктемгі тасқынның негізгі биік шыңы былтыр болды. Ол кезде 9 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Өткен жылдарды саралай келе 2016-шы жылы 95 елді мекен жіті бақылауға алынды. Оның 61-інде жалпы ұзындығы 68 шақырым болатын қорғаныс құрылғылары орнатылды.

Ілкімді істер атқарылды. Бірақ, табиғаттың тосын мінезіне тұсау болу қиын. Биылғы тасқында 15 елді мекендегі 380 үй қызыл су астында қалды, оның 10-ы қирады. 5 мыңға жуық саяжайды тасқын басты. Республикалық және жергілікті маңызға ие автожолдарды 17 жерден су шайды.

Ислам Әбішев – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы:

– Көктемгі тасқында Сергеев гидроторабы арқылы 5 млрд текше метрден астам су өткен. Есіл өзенінің ағысы 90 жыл бақыланды. Ең үлкен тасқын соңғы рет 1928-ші жылы тіркелген. Онда қызыл судың көлемі 6 млрд 500 млн текше метр болды. Бірақ, осы жолғысының қиратушы әрекеті үлкен болды. Себебі, тасқын ұзақ уақытқа созылды. Менің ойымша СҚО-ың әкімдігі тиісті істерді жақсы атқарды. Алдын алу шаралары қолға алынбаса әкелген тасқынның салдары бұдан бетер сұмдық болар еді.

Сараптама көрсеткендей тасқынның қатты болуына климаттың өзгеруі, қардың көп жаууы мен су тасу кезінде жауын-шашынның көп болуы басты себепкер. Бұның ішінде елді мекендерді табиғи апаттан тиісті деңгейде қорғауға бағытталған қаржының жетіспеуі де бар. Сонымен қатар, “Қазгидрометтің жергілікті филиалында гидрологиялық бекеттер жетіспейді. Соның салдарынан тасқын кезінде нақты болжам жасау қиын болып тұр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қызыл судан кейін біз 2017-2020-шы жылдарға арналған 47 іс-шара құрастырды. Олар тасқын қауіпін ескерту мен оның салдарын жоюға бағытталған. Оны іске асыру үшін 7,1 млрд теңге қаражат қажет. Оның арқасында 94 мың тұрғыны бар 57 елді мекенді қорғай аламыз. Осы ретте Бақытжан Әбдірұлы бізге тиісті қаражат бөлуге орталық атқарушы органға тапсырма беруіңізді сұраймын.

Бақытжан Сағынтаев – ҚР Премьер-Министрі:

– Жыл сайын тасқыннан кейін бізге ақша келіп сұрайды. Біз тек бір реттік қаржыны жұмсаймыз. Олар тұрғындарға көмекке, үй тұрғызуға жұмсалады. Мәселені нақты бір рет шешіп, оны ұмыту қажет. Өкінішке қарай, біз олай істемейміз. Президент бізге ел бойынша қанша гидротехникалық құрылғының жөндеуді талап етіп тұрғанын санап, жоспар құруды тапсырды. Қанша ақша керек екенін айтып, қосымша тағы су қоймаларын сала алатынымызды сұрады. Құмар Іргебайұлы мен сіздің өтінішіңіздің естідім. Бұны бақылауымызға аламыз. Бастысы артық қыламыз деп тыртық қылып алмау керек.

Алдағы уақытта Астанадан 300 шақырым жерде Бузулук су қоймасы салынбақ. Оның арқасында өңірімзге жететін қызыл суда біршама азайып, алапат апаттың да көлемі сейіледі.

 

Риат Шони