Ауыл шаруашылығы

ҚР Премьер-Министрі 5 облыстың аграрийлерімен кездесті

Айту керек, компания Новоникольское ауылын гүлдендіруге де ат салысып келеді. Оған серіктестік қаржысына тұрғызылған су жаңа “Энергия” дене шынықтыру және сауықтыру кешені дәлел. Премьер-Министр мұнда да бас сұқты.

Кейін дәл осы ауылда үкімет басшысы мен агроқұрылым жетекшілері бас қосты. Келелі жиынға өңірімізден бөлек, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарының өкілдері келген. Әңгіме Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының төңірегінде өрбіді. Елбасының ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлуі тегін емес, Агроөнеркәсіп ел экономикасын оздыратын бірден бір сала деп атап кетті – Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

– Шетелде біздің өнімдерге деген сұраныс жоғары. Елбасы келіссөзінің арқасында Ирананның нарығына шыға аламыз. Олар бізбен тығыз жұмыс жасағысы келеді. Біріккен Араб Әмірліктері біздің етті бірден сатып алады. Қытайда ұнымыз өтімді. Тізе берсең қатары көп. Олардың талабына сай болу үшін сапалы жұмыс істеу керек, барлық мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Экспортқа көп көңіл бөлген жөн. Біз тек осылай ғана ел экономикасын айтарлықтай дамытамыз.

Субсидиялау, несие, кепілдендірілген займдар беру. Ауыл шаруашылығының тамырын тереңге жаюы үшін көптеген бағдарламалар бар. Үкімет басшысы мемлекет тарапынан мұндай жағдай жасалып тұрғандықтан, аграрийлерге бәсекеге қабілетті, шетелдік тауарларды екі орап алатын сапалы өнім алуға басымдық беру керектігін қадап айтты.

Бүгінде бірқатар елдердің нарығына шығып жүрміз. Сапа болса – сұраныс жоғары. Бұл үшін агроөнеркәсіптегілер техникалық базаларын да жаңартып отырулары керек. Мал шаруашылығымен айналысатын ғалымдар мен мал дәрігерлерімен әріптестік орнатуы шарты. Заманауи технология мен табиғи ресустарды тиімді пайдаланған дұрыс. Мұның барлығы жүзеге асуы үшін елімізде әртараптандыру бойынша ауқымды шаруа атқарылуда.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Бұл ретте жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Мысалы әртараптандырудың нәтижесінде биыл еліміздегі алқаптардағы майлы дақылдар аумағы 1 млн 400 мың гектарға арттырылды. Бұл көрсеткіш жоспарлағаннан 38 мың гектарға артық. Бүгінгі жиынға қатысып отырған 5 өңір бойынша айтсам майлы дақылдар аумағы 308 гетарға, дәнді дақылдар – 209, жем азық – 487 гектарға ұлғайды. Арасында майлы дақылдарды көп еккені Солтүтсік Қазақстан.

Келесі қаралған сұрақ – тұқымның сапасы. Төмен сұрыптысы арзан болғанымен – өнім бермейді. Мұндай тұқымды егу жерге себілген табиғи тыңайтқыштар мен пестицидтерді желге шашқанмен бірдей. Бұл мәселені биыл қазақстандық диқандар егін науқанының алдында ескерген. Алқаптардағы еңбек өнімділігін арттыру жолдарын солтүстікқазақстандақтар да қарастырған.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Мемлекет жыл сайын ауылшаруашылығы саласына қолдау көрсетеді. Биыл СҚО 44 млрд теңгенің субсидиясын алды. Бұл былтырғы жылдан 38 пайызға артық. Мұны тиімді пайдаланып, сұрып жаңарту мөлшерін екі есеге арттырдық, минералды тыңайтқыштарды да екі есе көп алдық. Құнарлы жерлер толық игеріліп жатқан жоқ. Сондықтан өңірдегі егістік жерлерге сараптама жүргіздік. Жоспарды артығымен жүзеге асырып отырғандар мен қатар жүйелі жұмыс жасамайтындары да бар.

Ірі-ұсақ деп бөлінбей әр шаруашылық атқарған еңбегінің нәтижесін көрсетуі керек. Солтүстіктегі диқандардың алдына қойылған мақсат осы. Жердің әр гектары маңызды. Бұл ретте өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов дұрыс жұмыс істеп, қолындағы бар жерді пайдалана алмай отырғандардан аумақтарды қайтарып алу керек деген ойын білдірді. Қазақстан ет қауымдастығының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев болса ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін несиелерді тиімдірек ету мәселесін көтерді. Бұл мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Қазір жергілікті шаруа қожалықтарына экспортты ұлғайту керек. Бірақ, мал басын арттыратын мүмкіндіктер аз.

Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстан ет қауымдастығының төрағасы:

– Маңаймыздағы елдер арасында біздің тауарымыз сұранысқа ие. Бірақ әлемде мал басы бойынша бар жоғы 42-ші орындамыз. Мал басын бірден көбейту үшін берілетін несиелерді оңтайландыру керек.

Бұл күні залға жиылған аграрийлер Үкімет басшысына көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ашық білдіріп жатты. Бірі шошқа еті ұзақ сақталады әрі өтімді. Сондықтан, осы салаға қолдау берілсе деді. Келесісі, Азық-түлік корпорациялары мен сараптама орталықтарының жұмысын жетілтіруді ұсынды.

Еркебұлан Мамбетов, “Мамбетов и К” КС бас директоры:

– Бүгін көп мәселелер айтылды. Біздің ұсыныс-тілектеріміз қабылданса ісіміз біраз өрге басар еді.

Жиында Үкімет басшысына қойылған барлық сауалдар жауабын тапты. Ал, ұсыныстар алдағы уақытта ескеріліп, қарастырылатын болады.

Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

– Бүгін шаруашылықтарыңызды, ауылдарыңызды көрдік. Елімізде әр ксіпорын мен әр елді мекен осылай гүлденсе дамып кетер едік. Барлық ұсыныстарды қарастырамыз.

 

Акбопе Танирберген