Денсаулық сақтау

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой “Радуга” ЖШС ұжымымен кездесті

Лариса Гордеева – ҚР ДСМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар келер жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру қорына ең төменгі жалақының 5 пайыз үлесін төлейді. Бұл шамамен 2 414 теңгені құрайды. Ал 2019 жылдан бастап еңбекке қабілетті барлық азаматтың жалақысынан 1 пайыз ұсталады. Ол жарна да медициналық сақтандыру қорына аударылады.

Денсаулық сақтау вице-министрі тың жүйенің медицина саласына және қазақстандықтарға берер пайдасын компания ұжымына түсіндірді. Алексей Цойдың айтуынша, қызмет көрсету сапасы артып, дәрігерлерге түсетін ауыртпалық төмендейді. Ал, сақтандыру жүйесінің қағидаты кез келген емделу түрі мен операцияның шығынын өтеуде жұмыс істеп жүргендерге медициналық қызметтер кепілдендірілген болады. Ал алдағы уақытта бұл жүйеге еңбекпен қамтылмағандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтарды тарту бойынша ауқымды іс атқарылмақ.

Алексей Цой – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– Елімізде қант диабеті, артериалдық гипертензия сынды 49 түрлі ауруға қарсы медициналық препараттар тегін беріледі. Келешекте антибиотиктер мен ауырсынуды басатын дәрілер де сақтандыру жүйесі аясында тегін босатылуы мүмкін.

“Радуга” серіктестігінің солтүстікқазақстандық филиалында бүгінде 700-ден астам адам еңбек етеді. Ал, жалпы ел бойынша қызметкерлердің саны екі есеге көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы мұнда жиі түсіндіріліп тұрады. Ай сайын серіктестік өз жұмысшылары үшін ортақ қорға 3 млн теңгеден астам қаржы аударып отырады.

Максим Большедворов – “Радуга” ЖШС директорының орынбасары:

– Медициналық сақтандыру қорына жарна төледік. Тиісті шотқа түсті. Болашақта жарна аудару кезінде кедергілер туындамаса болғаны. Жұмысшыларымыз сапалы медициналық көмек алатындығына сенімді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 568 мың адам тұрады. Жарна төлеуден 309 мыңы босатылған. Бұл – тұрғындардың 60 пайызы. Олар – мемлекет төлейтін тұрғындардың 14 тобына кіретін жандар.

Берік Қасен