МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша 160 тұрғын тегін оқып шықты

Орал Аяпбергенов:

– Мен ең бірінші жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағылар мені оқуға жіберді. Үш ай оқыдым. Бүгін емтихан тапсырдым.

Жалпы ПҚЭК базасында жұмысшы мамандықтары бойынша 190 адам білім алды. Олардың кейбірі «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырса, қалғаны «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында мамандықтарға оқып шықты. Бұл науқан сәуірдің 20-сы басталып, шілденің 20-сы аяқталды.

Ағыбай Күшімбаев – ПҚЭК директоры:

– Біздің колледжімізде алғаш рет 160 адам “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында оқып шықты. Тағы 30-ы «Аймақтарды дамыту» бойынша біліктіліктерін арттырды. Бұлардың барлығы құрылысшы, сантехник-слесарь, аспаз, дәнекерлеуші сынды мамандар. Олардың барлығы тегін оқыды. Сабақтар біздің ресурстық орталықта өтті.

Петропавл қаласында қос бағдарлама бойынша білім алушылар 5 колледжде оқыды. Біліктілікті арттыру курсы 1 айға созылса, мамандық иесі атану үшін 3 ай білім алу керек. 2017 жылға бұл бағытқа ел қазынасынан 61 млн теңге бөлінген. Бүгінде оның 40 млн-ы игерілген.

Жанар Нұркебаева – Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша біз жұмысшы мамандықтарды тегін оқытамыз. Жыл басынан 336 адам оқытылды. Оның 124-і «Аймақтарды дамыту» бойынша біліктіліктерін арттырды. Жалпы бізге келіп түскен өтініштердің саны 500-ге жуық. Қалғанын күзде оқытатын боламыз.

Биыл облыс бойынша жұмыссыз жүрген тұрғындарды оқытуға 292 млн теңге қаржы бағытталды.

 

Риат Шони