Аптадағы маңызды жаңалықтар

Омутки өзені бойындағы жөндеу жұмыстары жалғасуда

Александр Прокопьев – “СК-Максимум” ЖШС прорабы:

– Жоспардан біршама алда келе жатырмыз. Жұмыс барысын аздап бөгеп тұрған мәселе – Ресей Федерациясынан алынатын шығын өлшегіштер. Бұндай құрылғылардың жетеуін орнатпақпыз. Уақтылы жеткізілетін болса, бұл жобаны мерзімінен бұрын аяқтауымыз әбден мүмкін. Қазіргі таңда автожолды салумен айналысудамыз.

Сондай-ақ, жоба аясында дамбаны көтеру бойынша да жұмыстар жүргізілген. Оның биіктігі 186 метрді құраса, бүгінде ол тағы 70 см-ге биіктетілген. Бұл тасқын судың алдын алуға бағытталған дейді мамандар. Аталмыш жобаның жүзеге асуына ел қазынасынан 170 млн тенге бөлініпті. Жалпы, “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша “Қызылжар су” ЖШС-не 683 млн тенге бөлініпті. Қазіргі таңда бірқатар нысандарда қызу жұмыс жүргізілуде.

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Ғабит Мүсірепов көшесіндегі кәріздік коллекторларды ауыстыру 80 пайызға аяқталды. Құбырларды орнаттық, енді тас жол төсеуіміз қажет. Айта кету қажет, бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың тең жартысы кәріздік сорғы станциялары ішіндегі жөндеу жұмыстарына арналған. Онда жаңа қондырғылар орнатпақ ниеттеміз.

Петропавл қаласында 19 кәріздік сорғы станциясы болса, биылғы жылы оның төртеуінде күрделі қайта құру жұмыстары жүргізілуде. №3ші станция өткен ғасырдың 90-шы жылдары бой көтеріпті. Сол уақыттан бері ғимарат күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан, серіктестік мамандары бұл мақсатқа 250 млн тенге-ден астам қаражат бөлген. Бүгінде оның 40 пайыздан астамы игеріліпті.

Андрей Богданов – “Олимп” ЖШС шебері:

– Сорғы электр қондырғыларды ауыстырмақпыз. Еуропалық 5 құрылғы алдырттық. Олардың 3-ін іске қосып, екеуін резервте ұстаймыз. Әрбірін 15 млн тенгеден алдық. Тағы ғимарат терезелері мен есігін де ауыстырдық. Алаңда 14 адам жұмыс істеуде.

Станциядағы жөндеу мен құрылғыларды алмастыру шаралары ағымдағы жылдың қарашасында аяқталмақ.

 

Эльмира Садвокасова