МТРА жаңалықтары

Жыл басынан Петропавл қаласында 129 өрт оқиғасы тіркелген

Оксана Санкина – қала тұрғыны:

– Үйде бала болғандықтан, бұған үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Үлкен ұлым – тоғызда, алайда қолына шырпыны да ұстатпаймын. Балғындар шапшаң ғой, олардың әр қимылына мұқият болу қажет. Барлық сақтық шараларын ескереміз. Осы жылы үйдегі электр сымдарын да ауыстырдық.

Ал Оксана Санкинаның көршісі Владимир Любых қауырт маусымға дайындығын енді бастауда. Қысқа әзірленген отынның бір бөлігін азамат қорасына жиыстырып қойған.

Владимир Любых – қала тұрғыны:

– Жыл сайын пештің мұржасын тазартамын. Ол құбыр кірпішпен бекітілген. Сол жерін жаңартып тұрамын. Өмір бойы жер үйде тұрғандықтан, сақтық шараларын жақсы білемін және ұстанамын.

Жалпы, өрттің алдын алу шаралары бойынша рейдтерді құтқарушылар өте жиі өткізеді екен. Тұрғындардың басым бөлігі үйлерінде болмағандықтан мамандар оларға жадынама парақтарын қалдырып кетті.

Владимир Филиппов – Петропавл қалалық ТЖБ қызметкері:

– Бұндай рейдтерді аптасына кем дегенде 3 рет ұйымдастырамыз. Қаланың барлық аудандарын қамтуға тырысамыз. Тұрғындар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелерін еске саламыз.

Айта кету керек, жыл басынан Петропавл қаласында 129 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың 91-і тұрғын үйлерде орын алыпты. Салдарынан 5 қала тұрғыны көз жұмып, тағы үшеуі жарақат алған.

 

Эльмира Садвокасова