Денсаулық сақтау

СҚО денсаулық сақтау басқармасы жарты жылдықты қорытындылады

Дәрігер жетіспеушілігі бірқатар мәселені тудырып тұр. Бір қызметкер бірнеше ұйымның арасында жүріп, жұмыс жасауға мәжбүр. Пысықайлары болса, осы жағдайды пайдаланып қалуға тырысуда. Уақытын үнемдеп, күн сайын тұрғындарды қабылдауға 1 сағат уақытын ғана бөлетін көрінеді. Бұған тілшілер куәгер болған.

Владимир Безлер – CҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Мен бұл жағдайдан хабарсызбын. Уақытын үнемдеп жүрген дәрігердің аты-жөнін маған айтыңыз. Кейін онымен жеке сөйлесемін.

Жарты жылдықтың жұмыс қорытындысы бойынша, өңірімізде жоғары технологиялық медициналық қызмет алушылардың саны артып келеді. Осы орайда, тілшілер облысымызда онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға арналып хоспис салына ма деп сұрады.

Владимир Безлер – CҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Аймағымызда хоспис тұрғызу сұрағы “Нұр Отан” партиясының саяси кеңесі бюросының отырысында қозғалды. Бірақ нақты шешімдер айтылған жоқ. Бүгінде өңірімізде 2000 адамда қатерлі ісік бар. Жыл басынан бері олардың қатарын 700 науқас толықтырды. Қазіргі таңда Тайынша, Ғ.Мүсірепов аудандары және Петропавл қаласында онкологиялық ауруға шалдыққандар көп.

Аймағымызда онкология дерті және жүрек-қан тамыры аурулары демографиялық ахуалға әсер етіп тұр. Бала туу көрсеткіші де көңіл көншітпейді деді өңіріміздің бас дәрігері. Бүгінде облыс бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 70,5 жасқа жетті.

Берік Қасен