МТРА жаңалықтары

Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлер жылыту маусымына дайындалып жатыр

Владимир Рудаков – “Полет” ПИК төрағасы:

– Өткен жылы бойлерді тазалағанбыз. Сол себепті, биыл тек пресстеуден өткізіп жатырмыз. Оған 21 мың теңге төлейміз. Ақшаны әр подъезд бойынша жауапты адам жинайды. Шаршы метрі үшін 400 теңге. Жалпы былтыр жылу есептегіш аспаптың арқасында біз ақша үнемдеп, қатты суықта шаршы метрі үшін 102 теңгеден төледік.

Бүгінде облыс орталығындағы 1061 көпқабатты тұрғын үйдің 20-сы жылыту маусымына дайындығы жөніндегі құжаттарын алған. Тағы 100-ге жуығы жуып-шаю жұмыстарын жүргізіп, жылыту жүйелерін пресстеуден өткізуде. Бұл іспен 10 кәсіпорын айналысады. Жұмысты жүргізуде бірақатар қиыншылықтар туындап жататын көрінеді.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлiмiнің басшысы:

– Пәтер иелері кооперативі төрағаларының тап болатын мәселесі – ақша жинау. Пресстеу мен жуып-шаюды жүргізуге шамамен 10-25 мың теңге қаражат керек. Бірақ, тұрғындар ақшаны уақытылы бермей жатады. Біз кәсіпорындармен жұмысты қарызға жүргізуге келістік. ПИК төрағасы тек қай аралықта оны өтейтіндігі жайында қолхат береді.

Тағы қалалық әкімдікте арнайы штаб құрылған. Онда әр сәрсенбі сайын ПИК төрағалары мен тұрғындар жылыту маусымына қатысты өз мәселелерімен келе алады.

 

Риат Шони