Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлда балаларға арналған 45 ойын алаңқайы тұрғызылмақ

Людмила Бобрышева – Гагарин көшесі, 7-ші үйдің тұрғыны:

– Бұл жер бұрындары бос жатты. Биыл ғана ойын алаңы салынды. Қазір осы маңда балаларымыз уақыттарын өткізеді. Енді, тағы да құм төсесе жақсы болар еді. Жалпы, алаңқайдың тұрғызылғанына қуаныштымыз.

Ал, бүгін Ярослав Гашек көшесіндегі 9-ші үйдің ауласына ойын алаңқайы тұрғызылуда. Іспен жергілікті “Strong servise” серіктестігінің мамандары айналысуда. Олар мұнда әткеншектерді кешке дейін орнатпақ.

Данияр Нұрамчин – “Strong servise” ЖШС маманы:

– Таңғы 9-дан жұмысқа кірісеміз. Бір күн ішінде 2 аулаға алаң тұрғызамыз. Әткеншектер біздің серіктестікте жасалған. Олар сапалы. 1 жылға кепілдік беріледі.

Ойын алаңқайының тұрғызылуын балалар асыға күтіп жүр. Әсіресе, Роман мен Кирилл әткеншектерді тебуге асық.

Роман Труков:

– Мен көрші үйде тұрамын. Ол жақта ойнайтын жер жоқ. Енді, мына алаңқай тұрғызылса достарыммен осында келіп ойнаймын.

Кирилл Милёшин:

– Бұл жерде бұрындары аз әткеншек болатын. Қазір көбейіп жатыр. Мен оған қуаныштымын.

Жалпы, биыл Петропавлда 45 ойын алаңын тұрғызу жоспарланған. Олардың 20-нан астамы кішкентай балалардың игілігіне беріліпті. Айта кетейік, құрылыстың құны әткеншектердің санына байланысты. Егерде, ескі алаңқайлар жаңаланса аз қаражат жұмсалады. Орта есеппен алсақ, 1 алаңды салу 500 мың мен 2 млн теңгенің маңында.

Дархан Айтпаев – Петропавл қалалық ТКШ, секторының бас маманы:

– 26 алаңқай есептік кездесулерде түскен тұрғындардың өтініші бойынша салынады. Қазір жұмыс қаланың әр ауданында жүргізіліп жатыр. Ойын алаңында 14 әткеншек болуы тиіс. Дегенмен, кей аулаларда бір қатар элементтер бар. Сол себепті, ол жерлерге жаңа әткеншектердің кейбірі орнатылмайды.

Облыс орталығында балаларға арналған ойын алаңдары тамыз айының 15-ші жұлдызына дейін тұрғызылады. Жақын арада Мир 107 және Уәлиханов 6 мекен жайлары мен Громов көшесіндегі 4 үйдің маңында алаңқайлар бой көтереді.

 

Култанов Байболат