Спорт

21-ші “Ақ бидай” жазғы спорттық мерекесі өз мәресіне жетті

Атап өту қажет, биылғы жылы әрбір команда жарысқа мықтап дайындалған. Әсіресе, жарыс алаңының қожайындары – мамлюттік спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Өткен жылы олар жалпыкомандалық 9-шы орынды иеленсе, биыл үздік бестікті тұйықтап тұр.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жалпы осы жылы спорт түрлері барынша қамтылды. Өткен жылмен салыстырғанда қатысушылар санында өсім де байқалады. Сондай-ақ, жарыс барысында “Ақ бидай” ойындарының рекордтары орнатылды. Мәселен, былғары қолғап шеберлері, палуандар мен жеңіл атлеттер жоғары нәтиже көрсетті.

Кезек жалпыкомандалық есепке де келіп жетті. Сөйтіп, қола жүлдені 269 ұпаймен М.Жұмабаев ауданының командасы иеленді. Екінші орынға жеңімпаздардан бір ұпаймен артта қалған Ғабит Мүсірепов ауданы жайғасты. Ал, жазғы ойындардың жеңімпазы деп 274 ұпай жинаған қызылжарлық спортшылар танылды. Енді олар қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғамақ.

Руслан Бороншин – Қызылжар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі:

– Біздің жеңіс тұғырынан көрінуіміз барлық құраманың жемісті еңбегінің арқасында деп білемін. Біз спорттың барлық түрінен қатысып, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық. Әсіресе, қыздар волейболы, үстел теннисі мен жеңіл атлетикадан мықтылар қатарынан көріндік. Бұнымен тоқтамай, дайындығымызды арттырып, республикалық кезеңде үздік болғымыз келеді.

21-ші “Ақ бидай” жазғы спорттық мерекесін өткізгені үшін Мамлют ауданы “Газель” актокөлігін иеленді. Бұл – СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың арнайы сыйлығы.

Атап өту қажет, келесі “Ақ бидай” спорттық ойындары М.Жұмабаев ауданында өткізілмек.

Эльмира Садвокасова