МТРА жаңалықтары

Халықты жұмыспен қамту орталығында ашық есік күні өтті

Заңгер мамандығын бітіріп, кейін психологияны да меңгеріп алған. 23 жасында жеке бизнесін ашып, заңға қайшы жасаған әрекеттері темір торға жетелеп барды дейді. Ол жақта киім тігуді үйреніп келді. Бір басына бірнеше өнерді меңгерген жігіт құжатына басылған “сотталған” деген мөрге қарамастан өмірін жаңадан бастап, өз ісін ашқысы келеді. Сондықтан да бүгін халыққа қызмет көрсету орталығының ашық есік күніне кеңес алуға келген.

Сабыржан Әлтиев:


– Шыға салып пробация қызметінің тізіміне тұрдым. Онда менің құқығым мен міндеттерімді түсіндіріп берді. Бірінші кезекте жұмыспен қамтылу жайлы айтылды. Арнайы курстан өтіп, несие алуға болады екен. Кейін күзге қарай кішігірім кәсіпкерлігімді ашқым келеді. Кейібір азаматтарда “Сотталған” деген таңба басылып сол күйі жұмысқа орналаса алмай жатады. ол қоғамға байланысты. Сондықтан қолдан келсе жеке бизнесті осындай мүмкіндікті пайдаланаып ашып алған дұрыс сияқты.

Халықты жұмыспен қамту орталығы деп аты айтып тұрғандай бұл мекемеге екі қолға бір күрек іздеп келгендер құр қайтпайды. Бірінші кезекте – сотталғандар, мүгедектер, жастар. Мәселен жыл басынан әлеуметтік жұмыс орындарына 211 адам орналастырылған. Дариға Есембекова колледжді бітіре салып сенделіп қалмай дұрыс жол тауып келген екен. Мұнда оны жастар бағдарламасы арқылы бірден облыстық әкімдікке 6 ай ақылы тәжірибеге бағыттаған. Әрі қарайғысы жас маманның өз қолында.

Дариға Есембекова:

– Мен басқа жерден жұмыс таппағандықтан осында келдім. Бірден қабылдап, жұмыс тауып берді.

Бүгінгі ашық есік күнінде мекемеге келушілерді жергілікті медициналық қызметке ақы төлеу комитеті, мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері қарсы алып, кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында келушілердің әлеуметтік статусын анықтап оларға қызметтің бұл түрі қалай көрсетілетінін түсіндірді. Орталық ұсынатын өзге де қызмет түрлері мен жаңа бағдарламалар жайлы айтылды.

Александр Белетченко, Петропавл қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

 

– Бірінші қаңтардан нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама іске енді. Бұл жобаға қатысуға 1730 жерлесіміз ниет білдірді. Оның 1646-сының өтініші қабылданды. Базадағы бос орталық арқылы 700 адам жұмысқа орналасты. Жобаның бірінші бағытында кәсіби біліктілікті қамтамасыз ету қарастырылған. Мамандарды қысқа мерзімде керекті мамандықтарға қаладағы 5 колледжде оқытып шығарамыз. Ал, екінші бағыты – бұқаралық кәсіпкерліті дамытуға арналған. Арнайы несиелер береміз. Бұл ретте 112 адам өтініш берді. 92-сі бизнесін ашып, 20-сы өз ісін кеңейтпек ниетте.

Айту керек, бүгінде халықты жұмыспен қамту орталығының қызметіне күніне 500 теріскейлік жүгінеді екен.

Акбопе Танирберген