МТРА жаңалықтары

Шілденің 13 “Ақ бидай” облыстық жазғы спорт мерекесінің ашылу салтанаты болды

Мамлютка қаласында спорттың 13 түрі бойынша сайыстар өткізіледі. Оған барлығы 1 400-ге жуық адам тартылған. Есіл ауданы ең мықты спортшыларын жіберіпті. Олар көбінесе қазақ күресі мен баскетболдан жүлделі орындар алуға ниетті.

Бейбіт Жүнісов – жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

 

– Ауданымызда күрес, баскетбол дамып келе жатыр. Мамлют ауданы жақсы дайындалыпты. Спортшыларға жақсы жағдай жасалған.

Өткен жылғы “Ақ бидай” ойындарының чемпиондары Ғ.Мүсірепов ауданының құрамасы да осында. Олар биыл да жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті. Спорттық мерекеге арнайы тапсырыспен тіктірген киімдерін киіп келген.

Спорттық мерекенің ашылу салтанатымен жиналғандарды аймақ басшысы құттықтады. Құмар Ақсақалов сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Президентіміз алға қойған мақсатымызды жүзеге асыру үшін бізге мықты денсаулық, қажыр-қайрат, күш-жігер, табысты еңбек қажет деген болатын.

Бұқаралық шараға Мамлют ауданының тұрғындары тыңғылықты дайындалыпты. Келушілер салтанатты жиынның ең айшықты сәтіне куәгер болды. 21-ші ұлттық ойындарының жалауы ортаға шығарылды. Туды ҚР спорт шеберлері сала ардагері Хамза Омаровқа табыстады. Ал жазғы спартакиада алауын тұтату құрметі қысқы Президенттік көпсайыс бойынша ҚР спорт шебері Мақсат Нүсіповке берілді.

Әсем ән, күмбірлеген күймен өңіріміздің үздік өнерпаздары мерекенің ажарын аша түсті. Трибунада адамға лық толы. Жас пен жасамысы фаер шоуды да тамашалады. Артынша, шараның соңында отшашу болды.

–  Мереке жақсы деңгейде өтуде. Отшашу жақсы болды.


– Мен өскенде ағаларым сияқты спортшы болғым келеді. Бүгінгі шара маған ұнады.

Берік Қасен