МТРА жаңалықтары

Бүгін “Ақ бидай” облыстық спорт мерекесінің екінші күні өтті

Бұл Бахтияр Сейітовтың жарыс алдындағы соңғы жаттығуы. Бірнеше минуттардан соң жас спортшы ауыр ателиткадан 85 келі салмаққа дейінгі зілтеміршілер арасында өнер көрсетеді.

Бахтияр Сейітов, жарыс қатысушысы, Аққайың ауданы:
Аққайың ауданының намысын қорғаймын. Алғашқы ұсынған салмағым 100 келі. Көтеруге тырысамын. Спорттың бұл түріне кеш келдім. 18 жасымда. Бірақ жеткен жетістіктерім аз емес. Алар асуым алда.

Зіл темір алынды. Берілген үш мүмкіндіктің бәрін сәтті пайдаланған Бахтияр жарыста 109 келіні бағындырды. Айта кету керек, бұл жас спортшының жеке рекорды. Ауыр атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы Эрик Әлібаев шәкірттерінің жеңісінен үмітті.

Эрик Әлібаев, ауыр атлетикадан СҚО құрамасының аға жаттықтырушысы:

 

– Жалпы мен Мағжан Жұмабаев ауданының өкілімін. Бірақ спортшылардың көбі менің шәкірттерім. Қай аудан үшін өнер көрсетпесін, олардың жеңісіне кәміл сенемін. Жыл өткен сайын облысымызда спорттың бұл түріне деген қызығушылық артып келеді. Биыл қатысушылардың саны 120 зілтеміршіге жетіп отыр.

Ауыр атлетикадан басқа бүгін волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, гір көтеру, бокс, шахмат пен дойбы, велоспорт және еркін күрес тен іріктеу және ақтық кездесулер өтті. Ал спартакиада нүктесі 15-ші шілдеде қойылады. Бұл күні 13 спорт түрі бойынша жеңімпаздар анықталады.

Акбопе Танирберген