Спорт

Жерлесіміз Ирина Эктова Азия чемпионатында жүлдегер атанды

Ирина Эктова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Ғұсман Қосанов атындағы турнирға жарақатпен қатыстым. Ол сайыс өте қиын өтті. Екінші орынға табан тіредім. Қарағандылық жас спортшы қыз мені басып озды. Ал, бұл менің алдағы жарыстарда күш салуыма арқау болды.

Бұл жарыстан соң жерлесіміз жуырда ғана Үндістанда өткен Азия біріншілігіне қатысты. Сары құрлықтың үздіктері жиылған додада Ирина Эктова тағы да күміске қол жеткізді. 3 қарғып секіру шебері 13 метр 62 см қашықтықты бағындырды. Бұл бәсекеде де қарағандылық спортшы солтүстікқазақстандықтың алдын орапты.

Ирина Эктова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мен чемпионатқа алтын алу үшін бардым. Мақсатқа кішкене ғана жетпей қалдым. Екінші орын, көңілім толмады. Жеңімпаздан 10 см-ге ұтылдым. Жарыс жабық жерде өтті. Нысан ішіндегі төсеніштер жұмсақ. Сол себепті бар күшімді пайдалана алмай, алысқа секіре алмадым. Алда Азия ойындары болады. Сол додада барымды салып, алтын алқаны иеленемін деп ойлаймын.

Жалпы, Азия Чемпионатында қазақстандық жеңілатлетшілер 8 медаль еншіледі. Айта кетейік, жарысқа 43 елдің 800 спортшысы қатысқан болатын.

Култанов Байболат