МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында Аққайың ауданының мәдениет күндері өтуде

Зәуре Үмбетова – Аққайын ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері:

– Мәдениет күндерін өз өлкеміздің мақтан тұтарлық азаматтарымен қала тұрғындарын таныстырып, оларға ауылмыздың дамуын көрсеткіміз келеді. Ауданда 14 кітапхана жұмыс істеуде. Олардың екеуі Смирново қаласында болса, қалғандары ауылдарда орналасқан. Оқырмандарымыздың да саны күн санап артуда. Оқырмандар үшін түрлі шаралар ұйымдастырып, кітапқа деген қызығушылықтарын оятуға тырысудамыз.

Жалпы Аққайың ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 24 қызығушылық клубтары бар. Бүгін олар да шараға өздерінің нәтижелі жұмыстарын әкеліпті. Көрмеге, әсіресе, қолөнершілердің туындылары қойылған. Бұл еңбектердің арасында Светлана Ткачеваның да қолдан жасаған бұйымдары бар. Олардың ішіндегі ең ерекшесі әрі ауқымдысы мына туынды. Нәзікжанды көз тартар еңбегін жасау үшін, бірнеше ай уақытын жұмсапты.

Светлана Ткачева – қолөнерші, Аққайың ауданы:

– Қолөнершілікпен шамамен 8 жылдай айналысып келемін. Алғашында білезік сынды кішкентай бұйымдардан бастадым, қазіргі таңда түрлі тақырыптағы, жаныма жақын дүниелерді жасаймын. Сатып алушыларым да көп. Алайда, бар жанымды салып істегендіктен болар, кейбір туындыларымды сатылымға қоюға да қимаймын.

Аққайың ауданы мәдениет күндері үлкен гала-концертпен аяқталады. Ауданның үздік өнер ұжымдары қала тұрғындарына ән-шашу мен керемет көңіл-күй сыйламақ.

 

Эльмира Садвокасова