МТРА жаңалықтары

ЭКСПО көрмесіне апта сайын жүздеген солтүстікқазақстандықтар барады

Ақлима Нұржанова – Долматова ауылының тұрғыны, СҚО:

– Экспо көрмесін тамашалауға бара жатырмын. Осы күнді асыға күткен едім. Енді міне арманым орындалды. Көп нәрсені көріп, жаңа технологиялармен танысуды қалаймын.

Толқын Мұқашева – Петропавл қаласының тұрғыны, СҚО:

– Мен көрмені тамашалауға екінші рет барғалы отырмын. Онда қызықты нәрселер көп. Сондықтан кейбірін тереңірек қарастырып, араламаған павильондарға бас сұққым келеді.

Астанаға қалай да болсын жетіп, ЭКСПО қалашығын көру үшін тұрғындар автобус, жеке көліктерін тізгіндеп, отбасыларын ерте барады. Бүгіндері маңызды шара экскурсия жүргізудің нағыз тартымды ошағы болып отыр. Ал көрмені көріп келгендер маңызды оқиғаның куәгері болғандарын мақтан тұтады. Әсіресе, көрмені тамашалаған ойын балалары одан алған әсерлерін жарыса айтуда. Жалпы Қызылжар ауданының 400-ден астам оқушысы ЭКСПО көрмесін тамашалап қайтқан екен. Олар Жапония, Ресей, Германия және Қазақстаның павильондарында көрген білгендерін ерекше ықыласпен еске алуда.

Аяулым Мұхамеджанова – Қызылжар ауданының тұрғыны, СҚО:

– Маған көрме ұнады. Әсіресе, “Нұр әлем” павильонының ішіндегі жер энергиясына арналған қабат зор әсер қалдырды. Ал шетелдік павильондардан Жапонияның жобалары ұнады. Онда балаларға арналған әткеншектер, шайтанарбалар болды.

Мұғалімдердің айтуынша, мұндай экскурсиялар балалар үшін пайдалы. Көрмеге қойылған жобалар балғындардың жасыл экономика саласындағы идеяларын жүзеге асыруға жол ашпақ. Тағы оларды энергия көздерін үнемдеп, ғылыммен айналысуға деген қызығушылығын оятады.

Даниил Гудзенко -Қызылжар ауданының тұрғыны, СҚО:

– Маған Германия мен Францияның павильондары ұнады. Онда лазерлік шоу болды. Жаңа технологиялар көрсетілген екен. Біздер жаңа қондырғылар туралы көп сұрақтар қойдық. Сонда олар бізге жуық арада ол технологиялар енгізіліп, өзімізде қолданылады деді.

Лилия Шмидт – Қызылжар ауданының тұрғыны, СҚО:

– Маған Монаконың павильоны өте ұнады. Онда афроамерикандықтар бізбен қазақ және орыс тілдерінде сөйлесті. Олар осы шараға әдейілеп жаңа тілдерді меңгерген. Бұл маған ерекше әсер етті.

Ерғали Ғабдулин ЭКСПО-ға әріптестерімен барған. Сапарға шыққанда жұбайын да өзімен ертіпті. Көрмені аралауға уақыт тығыз болды. Сондықтан барлығын көре алмадық дейді ол. Десе де, оған Швейцарияның павильоны ұнаған. Олар бүгінің өзінде суды үнемдеу жайын ойластыруда.

Ерғали Ғабдулин – Большая Малышка ауылының тұрғыны, СҚО:

– Бұл елде таулар көп. Сондықтан электр энергиясының 70 пайызын олар судан алады. Соған қарамастан олар тіршілік көзін үнемдеуге тырысады. Олар мысалдар келтірді. Айталық, бізден картоп пісіргенде сіздер қанша мөлшерде су құясыздар деп сұрады. Олар ыдысты жартылай ғана толтырады екен. Ал аршылған картоптың сыртын лақтырмай, оны өңдеп одан электр энергиясын алуға жұмсайды.

Мұндай тың идеялар біздер үшін де пайдалы болмақ дейді, Ерғали Ғабдулин. Көрмеде ол өзіне жақын сала – ауыл шаруашылығына қажетті жобаларды да байқаған. Оларды біздің өңірде де қолдануға болады. Бір сөзбен айтқанда, баламалы энергия көздері – ЭКСПО-ның басты экспонаттары.

Ерғали Ғабдулин – Большая Малышка ауылының тұрғыны, СҚО:

– Қазақстаның павильонында көбіне, өсімдікті қайта өңдеуге басымдық берілген екен. Теріскейде олар енгізіліп те жатыр. Біздер сабанды пешке жағатын шикізат ретінде қолданамыз. Өткен жолы көрменің барлық жерін аралай алмадық. Сондықтан тағы бір барып көру керек. Тағы онда көптеген байқаулар мен мәдени шаралар да өткізіледі.

Экспода болған солтүстікқазақстандықтарды ІТ- технологиясы саласындағы жаңашылдықтар да қызықтырған. «Ақылды» техника, «ақылды» үйлер, тіпті «ақылды» аяқ киім, – алдағы уақытта нақ осылар, күнделікті тұрмысымызда пайда болады дейді ғалымдар. Сондықтан оларды пайдаланып қана қоймай, құрастырып та үйрену керек. Ал көрмеде олардың сан түрі бар.

Данияр Уәлиев – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жылдан жылға біздің табиғи ресурстар азайып келе жатыр. Сондықтан бізге қайта қалпына келетін энергия көздері қажет. Көрмеге қойылған барлық бұйымдар, заттар осы бағытқа арналған. Өте қызықты. Жаңа бағытта жұмыс жасауға болады. Соның ішінде күн көзінен қуат алатын автомобильдер көрсетілген.

ЭКСПО көрмесінің басты тақырыбы – «Болашақ энергиясы», бірақ шарада көптеген елдердің тарихы, салт-дәстүрі және мәдениетімен танысуға болады. Бір айдың ішінде павильондарда мыңнан астам мәдени- ойын сауық және ресми іс шаралар өткен. Мемлекет басшылары, министрлер мен халықаралық павильондар комиссарларының қатысуымен 84 кездесу өткізіліпті. Еске сала кетейік, ЭКСПО көрмесіне 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысуда. Ал 11 шілде күні көрмеге миллионыншы келуші тіркелді.

Магжан Ахмадина