Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толды

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық қауіпсіздікті қорғаудың сенімді жүйесі ғана елдің егемендігі мен тәуелсіздігін, оның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын сақатудың кепілі бола алады.

Осыдан 25 жыл бұрын Президент жарлығымен құрылған ҰҚК-ті бүгінде заманауи, кәсіби, көпсалалы әлемдік арнайы қызметпен терезесі тең ұйымға айналды. Еліміздің әлемдік аренадағы абыройы жыл өткен сайын артып келеді. Халықаралық саммиттерді, жоғары деңгейдегі кездесулер мен форумдарды, спорттық және мәдени шараларды өткізу Қазақстанға жиі сеніп тапсырылады. Аталған шаралардың ұйымдастырылуы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне халықаралық қауымдастық лайықты бағасын берді. Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО көрмесінің ың-шыңсыз өтуіне отандық арнайы қызмет зор үлесін қосуда.

Салтанатты жиында ҰҚК СҚО бойынша департаментінің ұжымын аймақ басшысы құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тәуелсіздік алған күнен бастан ҚР Президенті мемлекеттің қауіпсіздігі мен тыныштығын басты назарда ұстап келеді. Елбасы ішкі тұрақтылықты сақтау бәріміздің борышымыз деді. Бұл міндетті ҰҚК қызметкерлері абыроймен атқарып келеді.

ҰҚК құрылғанына биыл 25 жыл. Мерейтойлық датаға орай біраз маман облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Руслан Нұрмағамбеттің де еңбегі ескерусіз қалмады. Ол білімін Ресейде жетілдіріпті. Бар саналы ғұмырын ел мүддесін қорғауға арнамақшы.

Руслан Нұрмағамбет – ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментінің қызметкері:

– Менің ойымша, әр азамат өз елін қорғау керек. Бұл абыройлы іс. Ел аман, жұр тыныш болсын!

Осы күні өзге жерлестеріміз ведомстволық наградаларға ие болды. Данияр Сибанов осы салада 10 жылдан артық еңбектеніп жүр.

Данияр Сибанов – ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментінің қызметкері:

– Айтулы мерейтоймен барша әріптестерімді құттықтаймын. Елдің мызғымас татулығы мен тыныштығын қорғау жолында аянып қалмаспын. Біз халықпен және мемлекеттік органдармен етене жұмыс жасаймыз. Қоғамның ішіне іріткі салғысы келетін тұлғаларды анықтаймыз.

Елбасы айтқандай, аумалы-төкпелі жаһандық ахуалда тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болу жолында асқан қырағылық таныту қажет. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұлттық қауіпсіздік болмаған жерде мемлекеттің өзі де жоқ деп осы жандардың қызметіне жоғары бағасын берген болатын.

Берік Қасен