Балалар

Балабақшалар жөнделуде

Бахтияр Шүкібаев, “Алладин груп” ЖШС жетекшісі:

– Жұмысқа 5-ші маусымнан кірісіп кеттік. 250 метр құбырды ғимараттың ішіне тарттық. Қазір дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. 17 шілде күні толық тапсырамыз. Негізгі кепілдік 5 жыл. Бірақ бұл құбырлар 15-20 жыл осы қалпын сақтап тұратынына сенімдімін. Себебі – материалдар сапалы.

Ал, балабақша ішіндегі жөндеу жұмыстарымен өзге серіктестік айналысуда. Олар ғимараттың қабырғасын бояп, төбесін ақтап болып қалған. Толығымен жаңарған бөбекжай бақшасы шілденің 24-де бүлдіршіндерге есігін қайта ашпақ. Мекеме 150 балаға шақталған. Биыл босаған орындарға 2 мен 5 жас аралығындағы 45 балақайды қабылдағалы отыр.

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:

– “Нұрбөбек” бақшасының тәрбиеленушілерін жаңа маусымда тағы бір тосын сый күтуде. Бұрын мұндағы дене шынықтыру сабағы тас жолдың үстінде өтсе, енді балалар дене жарақатының алдын алатын жұмсақ жабындының үстінде асыр салып ойнай алады. Мұндай материалды 100 шаршы метр жерге төсеу үшін 560 мың теңге жұмсалған екен.

Мұндай жабынды “Ивушка” балабақшасының маңына да төселген. Бұл үшін аталған қос мекемеге қосымша қаражат бөлініпті.

Сайран Испандьиярова, қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту секторының меңгерушісі:

– 2017 жылы мектепке дейінгі 7 мекеменің жөндеуіне 11 млн теңгеден артық қаржы қарастырылған. Бұл сомма ішкі жаңғырту жұмыстары, кәріздік жүйе, жылу желілері, шатыр жаңарту үшін бөлінді. Жыл сайын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Петропавлда 58 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар екен. Оның 26-сы мемлекеттік мекеме. Мамандардың айтуынша апаттық жағдайда тұрғандары жоқ көрінеді.

 

Акбопе Танирберген