Құқық қорғау органдары

Шілденің 15-нен бастап Жолда жүру ережесіне бірқатар өзгерістер енеді

Болат Жексембин – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Көлікке тағылатын 010, 020, 030 сынды әріпсіз нөмірлерге төленетін мемлекеттік салық енді 129 мың теңге болады. Және әріптерде, мәселен үш бірдей “А” немесе “В” болса да бағасы 129 мың теңге болады. Салық кодексіндегі өзгерістер келер жылдың 1-ші қаңтарынан өз күшіне енеді.

Сән іздеп, ақшасын тек көлікке тағатын қымбат нөмірлерге шашатындардың енді қалталары қағылатын болады. Себебі, әріптері бірдей, 001 ден 009-ға дейінгі және “777” нөмірлерінің құны 646 мың теңге тұрмақ. Ал бұған дейін 200 мың теңгеге арзан болыпты. Бұдан бөлек әкімшілік жазаларда біраз өзгеріске ұшыраған.

Болат Жексембин – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Көлікті мас күйінде айдаған мүмкіндігі шектеулі жандар жүргізуші куәлігінен 3 жылға айырылады. Келесі өзгеріс – ол машина ішінде отырған жолаушы тәртіп сақшысының рұқсатынсыз салоннан шығуға құқылы. Сонымен қатар, ішкі істер органының қызметкері көлікті тоқтатқан жағдайда оны фотоға немесе видеоға түсіруге құқылы.

Сондай-ақ, жолдағы белгілерді елемегендерге салынатын айыппұлдың көлемі төмендеді. Бұрын ол 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болса, шілденің 15-нен бастап үшеу болмақ. Бұндай өзгерістердің енгізілуі бірінші кезекте адамдардың жолдағы қауіпсіздігі үшін. Осындай пікірді СҚО бойынша “Жолаушыларды тасымалдау қауымдастығы” ҚБ-ің мамандары ұстанып отыр.

Антон Боринос – СҚО бойынша “Жолаушыларды тасымалдау қауымдастығы” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Жолда жүру ережесін бұзғандағы бірқатар айыппұлдардың мөлшері төмендейді. Бірақ, аз ақша төлейміз деп жолда ойыңа келгенді істеудің қажеті жоқ. Есесіне өзге пунктер одан сайын күшейіп жатыр. Бұның барлығы жолдағы қауіпсіздік үшін жасалып отыр.

Тағы айта кету керек, шілденің 15-нен бастап аэрографияға салынған тыйым алынып тасталмақ. Енді көлік иелері өз темір тұлпарларын түрлі-түсті бояумен өрнектей алады.

 

Риат Шони