МТРА жаңалықтары

Петропавлда көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

Людмила Пономарева – қала тұрғыны:

– Қазір біз көпір арқылы жаяу өтіп саяжайларымызға барамыз. Осы аралықтағы екі аялдама бізге ауыртпалық салады. Жол ақысы 80 теңге. Арзандатса да болады ғой. Зейнеткерлер мен мүгедектер көп. Менің өтінішім Пестрое көлінен көпірге дейін және кейінгі бағытта автобус жүрсе екен. Жолақысы 20 теңгенің маңында болса жақсы болар еді.

Бүгін нәзік жанды өз базынасын қалалық мәслихат депутаты Лаура Қайыржановаға жеткізді. Халық қалаулысы өтіншін дәптеріне түртіп алып, мәселені қарастыратындығын айтты. Жалпы бұндай көшпелі қоғамдық қабылдауды “Жастар мәслихаты” қоғамдық бірлестігі қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастыруда. Бұл биылғы жылы өткізіліп отырған екінші көшпелі шара.

Сұлтанбек Төлегенов – “Жас Отан” ЖҚ Петропавл қалалық бөлімшесінің жетекшісі:

– Мұнда келген азаматтар заңгер, психолог мамандарынан кеңес ала алады. Негізінен тұрғын үй коммуналдыққа қатысты көп сұрақтар келеді.

Қоғамдық қабылдау өз жұмысын маусымның 13-і бастаған. Осы уақытқа дейін өз базынасын арқалап 37 теріскейлік келіпті. Тағы бұндай қабылдаулар облыс аудандарында да жиі өткізіліп тұрады.

 

Риат Шони