Қоғам

Жыл басынан жұмыс күші көп аймақтардан өңірімізе 75 отбасы қоныс аударды

Арыстан Жүнісов – “Мамбетов и К” КС атқарушы директоры, Мамлют ауданы:

– Еркебұлан Мамбетов Меңгесер және Бексейіт ауылдарындағы 2 мектептің қаржылық демеушісі. Бұдан өзге кітапхана, медициналық пунктер сынды әлеуметтік маңызы бар нысандарға жөндеу жұмыстарына қаражат бөліп тұрады.

Арыстан Жүнісовтің айтуына қарағанда, тұрмысы түзелген Меңгесер ауылының демографиялық ахуалы жақсаруда. Елді мекенде жыл сайын 20 сәби дүниеге келеді. Қазіргі таңда Меңгесер және Бексейіт ауылдарының көп тұрғыны “Мамбетов и К” КС-де жұмыс істейді. Шаруашылықта 235 адам тұрақты еңбекпен қамтылған.
Айлықтары 90 мың теңгенің маңайында. Бұл ауылды жерлерде әзірше ең жоғары жалақы болып есептеледі. Еркебұлан Мамбетов қол астындағылардың бетін қайтармайды, әрдайым барымен бөлісуге тырысады дейді Ғани Жүсіпбеков.

Ғани Жүсіпбеков – Бексейіт ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Еркебұлан Нұрмағанбетұлы маған сиыр, отын-көмір, баспана сатып әперді. Сол кісінің қол астында механизатор болып жұмыс жасаймын. Келіншегімді де балабақшаға жұмысқа орналастырды. Қазір сауып отырған үш сиырым бар.

Ғани Жүсіпбеков отбасымен ОҚО-нан былтыр қоныс аударған. Тұңғышы биыл 1-сыныпқа барады. Кішісі балабақшада. Бала-шағасымен Еркебұлан Мамбетов сатып әперген үйде қыстап шығыпты. Бір жылдың ішінде солтүстіктің климатына әжептәуір бейімделіп қалдық дейді.

Ғани Жүсіпбеков – Бексейіт ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Бейсейіт алының тұрғындары отбасымды жақсы қабылдады. Жері керемет, картоп ектік. Орманы бар, көлі бар. Табиғаты керемет екен.

Ғани Жүсіпбеков өмірде үлгі тұтатын тұлғаны тапты. Еркебұлан ағасы сияқты қораны малға толтырып ауылды көркейтуге үлесін қоспақшы. Жақында 3 млн теңге несие ресімдеп, ата кәсіпті бастайды. Бұл істе де оған Еркебұлан Нұрмағанбетұлы қол ұшын беремін депті.

Берік Қасен