Білім

Теріскейлік дарындар Ұлттық робототехника сайысынан бірінші орынды қанжығаларына байлап келді

Роботты құрастыру оңай болғанымен, бағдарламасын жазу әлдеқайда күрделі екен. Мәселен, бұл мақсатқа балғындар 1,5 ай уақыт жұмсапты. Ал 700 ұсақ бөлшектен тұратын техника қаңқасын 15 минут ішінде жинаған.

Рамазан Исин – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

– Робот ЕВ3 модулімен жұмыс істейді. Оған батарея қажет. Егер қуаты көп болса, ол шапшаң қимылдайды. Бағдарламаны біз ұзақ уақыт бойы дайындадық. Алғашында робот тапсырманы 1 минутта орындайтын. Сондықтан, бағдарламаны дамытуға тура келді. Енді ол 37 секунд ішінде тапсырманы аяқтайды.

Астана қаласында Экспо-2017 халықаралық көрмесінің аясында өткен ұлттық робототехника сайысында балалардың жасаған роботы үздік нәтиже көрсетіпті. Роботтың мақсаты бақтағы жануарларды өз аймақтарына орналастарып, ғалым және қарапайым келушіні арнайы орындарға қалдырып кету. Ол өзіне қойылған тапсырманы толық әрі жылдам орындап шыққан.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде робот барлық тапсырманы жоғары деңгейде орындап, максималды балл 160 ұпайды жинады. Және 3 кезеңдегі қосымша тапсырманы жалғыз біздің робот орындай алды. Соның нәтижесінде, жүлделі бірінш орынды иелендік.

Жалпы жарысқа өңірімізден 8 оқушы қатысыпты. Алайда, тек кіші жас ерекшелігіндегі балалар жеңіс тұғырынан көріне білген. Енді олар робототехника сайысының ағымдағы жылдың қарашасында Коста-Рикада өтетін халықаралық кезеңіне аттанбақ.

 

Эльмира Садвокасова