МТРА жаңалықтары

“Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ-на 14 жыл

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Биылғы жылы 5 мыңнан астам есеп шот ашылды. Оларға 3,5 млрд теңге қаржыларын салды. Биылғы жылы жоспар бойынша 7 үй қолданысқа тапсырылады.

Роза Сәркен “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ-ың клиенті. Нәзік жанды осыдан үш жыл бұрын аталмыш қаржы институтында есепшот ашып, баспанаға қаражат жинауды бастапты. Енді міне уақыты келіп, Береке шағын ауданынан үш бөлмелі пәтердің кілтін иеленбек.

Роза Сәркен – салымшы:

– Біз “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы атандық. Қазір бір-екі күнде көптен күткен баспанамыздың кілтін аламыз. Қазір тиісті құжаттарды жинап жатырмын. Үйдің өзін көрдім, ұнады. Барлығы керемет салынған.

Бірі пәтер үшін ақшаны әлі төлейтін болса, Зейнеп Баяхметова бүгін соңғы есеп-айырмасын жасады. Қала тұрғыны осыдан жеті жыл бұрын қаржы институтында шот ашып, үш бөлмелі пәтер иесі атанған. Енді міне, несиені толық өтеп, тиісті құжаттарын қолына алып отыр.

Зейнеп Баяхметова – салымшы:

– Бүгін мен соңғы төлемімді жасап, техникалық құжатымды алдым. Өте қуаныштымын.

Уақыт өткен сайын Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде де түрлі жаңашылдықтар пайда болуда. Мәселен, депозит ашқанда қазіргі таңда комиссия ұсталынбайды. Сонымен қатар, шалғайдағы елді мекен тұрғындары енді қалаға ат терлетіп банкке келудің қажеті жоқ. Ол үшін өңірдің 6 ауданында арнайы кеңесші орталықтар ашылған. Онда мамандар тұрғындарға қызмет көрсете алады.

Бахтияр Темірғалиев – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ кеңесшісі:

– Кеңесші алдын ала бір уақытты белгілеп алады. Кейін сол ауданға шығып, салымшымен келісім шарт жасайды немесе өзгеде қызметтерді көрсетеді.

“Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ тек клиенттермен жұмыс істеп қана қоймай, өңір тұрмысына да араласып тұрады. Мәселен, Наурызда ашық есік күнін ұйымдастырып, келушілерге дастархан жайған. Сонымен қатар тасқыннан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетті. Бұған қоса банк қызметкерлері Шөптікөл жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арналған түзету мектеп-интернатына да жиі барып тұрады.

 

Риат Шони