МТРА жаңалықтары

ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысының бір айлық қорытындысы

Бүгіндері мұнда күніне 50 мыңнан астам адам келеді екен. Әсіресе, мереке күндері көрмеге ағылғандарда есеп жоқ. Елорда күніне орай берілген демалысты пайдаланып маңызды шараны тамашалауға келгендердің қатарында солтүстікқазақстандықтар да бар. Өңірден барған делегацияны облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі бастаған. Теріскейдің түпкір-түпкірінен келгендер шетелдік павильондарды аралап, алып шардың ішіне кірді. Жасыл экономика саласында қазақстандықтардың ойлап тапқан тың дүниелерінің барлығы осында жайғасқан. Құдды бір ғажайыптар әлеміне тап болғандай әсер аласың.

Енді алысқа көз жүгіртсек. Болашақ астана кейіпі қандай болмақ? Сұрақ жауабын алып шардың 8-ші қабатынан көріп, білуге болады. Болашақтың қаласына табан тірегендер таңдай қағып өз таңданысын жасыра алмайды. Нақ осы жерден 100 метрлік биіктіктен бар қаланы барлауға болады. Ал ол күн санап құлпырып, гүлденуде. Жалпы “Нұр әлем” павильонының өзге де қабаттарынан тақырыпқа сай түрлі жобаларды, еліміздің энергия және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларын көруге болады.

Құмар Ақсақалов-СҚО әкімі:

– Астана мерекесін еліміздің барлық өңірлері кең ауқымда тойлады. Сондықтан Астанаға келгенде міндетті түрде Экспоны көру керек. Оны көргенде Елбасының барлық жобаларының орындалғандығын көреміз. Елімізбен мақтанамыз. 

Жүз рет естігенше, бір рет көр. Осындай қағиданы ұстанғандар мыңдаған шақырымдарды бағындырып көрмеге ағылуда. Демалыс күндері Өңірімізден экспоны тамашалауға 1500 адам барыпты. Олар маңызды шарадан алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу қиын дейді.

Уақыт Бейсенбаев:

– Табиғаттың бергенін қалай пайдалануға болатынын көругне болады. Таңданысымда шек жоқ.

Талғат Еслямов:

– Қазақстаның дамуының бір айғағы. Бүкіл павильондар өте әдемі.

Борис Баяшев:

– Қуаныштымыз. Төбеміз көке жеткендей. Осындай айтылғандарды жастар қолдану керек.

Қазақстанда Экспо сынды ауқымды шараның өткізілуі еліміздің беделін xалықаралық қауымдастық алдында одан әрі арттыра түспек. Оның үстіне мұнда әріптестік орнатып, жаңа іскерлік байланысты бекітуге мүмкіндік молынан.

Дәурен Жандарбек -СҚО әкімінің орынбасары:

– Ауыл шаруашылы, химия, қайта өңдеу салаларында қызығушылық бар. Сондықтан қытайдық Шаньси провинциясынан 40 компания келген. Солармен кездесу өткіземіз.

Өңірімізге қаржы құйып, әріптестік орнатуға дәмелі компаниялардың бірі қытайлық – “Луань” корпорациясы. Олар көмір, газ және жанар-жағармай өндіретін аспан асты еліндегі ірі кәсіпорындардың қатарында. Сондықтан Экспо көрмесі аясында өткен қазақстан-қытай форумында олар теріскейліктермен екіжаққа тиімді әріптестік орнату жайын талқылады.

Лю Цзюнь- «Луань» корпорациясының атқарушы директоры, ҚХР:

– Экспо көрмесін пайдаланып біз өз өнімдеріміз бен технологиямызды осы елге таныстырып, әріптестік орнату жайын қарастырмақпыз.

Айта кету керек, Экспо қалашығына келгендерге арнайы сауалнама жүргізіледі. Нәтижесінде, ең тартымды 5 павильон анықталыпты. Олардың қатарында Австрия, Германия, Израиль Монако және еліміздің жобалары бар.

 

Магжан Ахмадина