Ауыл шаруашылығы

Астанада СҚО ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Батира Ағисаева таң сәріден жәрмеңкеге арнайы келген. Өйткені мұнда әрдайым сапалы өнімдерді қолжетімді бағаға алуға болады дейді. Әсіресе, ет пен сүт өнімдерінің бағасы базардағыға қарағанда көп арзан көрінеді.

Батира Ағисаева- Астана қаласының тұрғыны:

– 1998 жылдан бері тұрамын Астанада. Мұнда базарда майдың бағасы 2000 ал солтүстіктен әкелсе – 1300. Өте жақсы.

Өңіріміздің құнарлы топырағында шығыралған өнімдерге қаз-қатар тігілген сауда нүктелері лық толы. Онда негізінен ет, ұн, сүт, кондитерлік өнімдер мен бақша дақылдары сынды халық көп тұтынатын азықтар орын тепкен. Сөрелерге жайылған бұл тауар түрлерінің барлығы – теріскейлік ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілердің төл өнімдері.

Алтынбек Абдоллаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары:

– Мұнда өңіріміздің 62 кәсіпорыны өз өнімін әкелген. 250 млн теңгеден астам қаржыны өнімі ұсынылып отыр. Астаналықтар бізде шығарылған өнімдеріді ылғи тосып отырады. Өйткені сапасы жақсы екендігін біледі.

Арқа төрінде қанат жайған ауылшаруашылық жәрмеңкесін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов те байқады. Олар өңіріміздің еңбекқор шаруалары әкелген өнімнің сапасын қарап, бағаларын көрді. Теріскейліктермен мұнда Алматы облысының тауар өндірушілері де болды. Бас қаламызға әкелінген ет өнімдерінің құны мың- мың жарым теңгенің маңайында. Сұраныс та жоғары. Астаналықтар мал өнімдерін пышақ үстінен әкетіп жатты. Әр палатканың маңында ұзын-сонар кезектер. Сатушыларымыз тіпті қызмет көрсетуге үлгермей жатыр.

Өңіріміздің құнарлы топырағында өскен көкеністерді де елордалық тұтынушылар қап-қаптап тасып жатты. Сапалы бақша дақылдары лезде тарап кетті. Сөрелерде жұмыртқа өнімдерін де көптеп кездестіруге болады. Олардың ондығы 150 теңгеден аспады. Бас қалада болып жатқан жәрмеңкеге М.Жұмабаев ауданының шаруалары да үлес қосуда.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі, СҚО:

– Ауданымыз 20 бас ірі қара, 1500 мың қой, тағы 5 жылқының етін әкелді.

Солтүстікқазақстандықтар жеткізген өнімдер мұндағы бағаларға қарағанда 15-20 пайызға кем саудаланды. Жәрмеңкеге бас сұққандар өнім бағасының төмендігі мен сапасын ерекше айтуда. Өлкемізде өсірілетін өнім табиғи таза, ағзаға пайдалы дәруменге толы. Бұған басты сыншы тұтынушылар шүбә келтірмейді.

Әсем шаһарымыз Астана қаласының қақ ортасында орналасқан алаңда сауда шатырларымен қатар үлкен сахна да орын тепті. Онда теріскейлік өнерпаздар жианлағн жұртшылықты өз өнерімен қуантты. Талай дарынды дүниеге әкелген қасиетті солтүстікақазқстан жері астаналықтарға жезтаңдай әнші, мыңбұралған бишілерге кенде емес екендігін дәлелдеді. Олар жас елордамыздың төрінде күмбірлете күй тартып, бейбіт Астананы әсем әуезге бөледі.

Жалпы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі екі күнге жалғасты. Теріскейден барған 115 кәсіпорын Астанаға құны 263 млн теңге болатын өнім жеткізіпті.

 

Магжан Ахмадина