Без категории

2017 жылғы 6 шілдедегі “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы

Берік Қасен – тілші:

– Жауынды-шашынды күнге қарап жатқан ешкім жоқ. Елорда күнін тойлауға келген халықтың қарасы қалың. Еуразия, ел жүрегі – Астананың туған күні қаламыздың әр жерінде аталып өтілуде.


Қала тұрғындары мен қонақтары бала-шағаларымен жиналды. Бірінші орындарға қарт майдангерлер мен тыл еңбеккерлері жайғасқан. Мерекелік концертті Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі бастады. 

Сахнада орындалған туындылардың бәрі бас қаламызға арналуда. Біз жаңа астанамызды тұрғызу арқылы әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Бүгінде Астана мәдениттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасына айналды. Солтүстікқазақстандықтарды айтулы мерейтоймен құттықтау үшін елорда өнерпаздары келіпті. Сахнада «Астана Опера» театрының ұжымы өнер көрсетті.

Жерлесіміз Гүлсара Жазитова арман қуып, бас қалаға барған жастардың бірі. Оның да өзгелер сияқты жолы болып, белді бір театрдың әншісі атанды. Қазіргі таңда мәдениетімізді шетелдіктерге танытып жүр. 

Гүлсара Жазитова – «Астана Опера» театрының әншісі, Астана қаласы:

– Астанаға арман қуып бардым. Өнер акакдемиясында кейін Италияда білім алдым.

Петропавл қаласының Құрметті азаматы Бейбіт Мұстафина алтын күндей елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды, гүлденген Астанамызды көргенде бойымды ерекше асқақ азаматтық сезім билейді дейді. 

Бейбіт Мұстафина – Петропавл қаласының Құрметті азаматы:

– Ел жүрегі – Астана жайқалып келеді. Бас қаламызда медицина даму үстінде. Қазіргі таңда шетелдіктер бізден үйренетін болды. Жыл сайын елімізде жүздеген адамның жүрегі алмастырылады.

19 жылдың ішінде Елордамыз көркейіп, түрленіп адам танымастай кейіпке енді. Орталық алаңда жасөспірімдер көпшіліктің назарына ЭКСПО хореографиялық композициясын ұсынды. 

Биыл бас қаламызда ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Сол алаңда әлемдегі ғылыми-техникалық жетістіктер мен түрлі мәдениет тоғысты. ЭКСПО көрмесі Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі. Ауқымды шара ел экономикасының дамуына және ғылыми базаның жаңғыртылуына жол ашпақ. 

Осы күні барлық жылы лебіздер мен тілектер бас қаламызға арналды. 

Серікпай Таиров:

– Елбасының да бүгін туған күні. Астанаға жылда екі рет барамын. Бұрын осыншалықты әсем шаһарға айналады деп ойлаған жоқ едік.

Елорда күні облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы көше биі түрлерінен сайыстар өткізді. 7-16 жас аралығындағы балалар хип-хоп, брейк биінен сынға түсті. 

Диана Гессель көше биінен кішкентайынан әуес. Бірнеше жарыстарға қатысы жүлделі болған. Осы жолы 2-ші орын алды. Бұл балалардың арасында халықаралық жарыстарға қатысып жүргендер де бар. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілді. 

Берік Қасен

**************************

Эльмира Сәдуақасова – тлші:

– Сарыарқаның төсіндегі Қазақстанның бас қаласы – Астана бүгін 19 жасқа толды.Осындай аз ғана уақыт ішінде еңселі Елордамыз барша Қазақстанды төрткүл дүниеге таныта білді. Еуразия жүрегінде орналасқан шаһар жетістіктерімен облыстық өлкетану мұражайында танысуға болады.

Музейдегі іс-шаралардың барлығы Астананың төл мейрамына арналған. Әрбір өнер адамы бас қаламызға деген сүйіспеншілігін әр түрлі жеткізуде. Басым көпшілігі кәсіби суретшілер мен кішкентай қылқалам шеберлерінің түрлі тақырыптағы туындылары.

Жібек Жүзенова – Облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:

– Астана бүгін Елордасы ғана емес, әлемде қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі.

Көрмеде он саусағынан бал тамған суретшілер Игорь Поляков пен Вячеслав Смирновтың ондаған шығармалары да бар. Сондай-ақ, өнер адамдары қалың көпшілікке бірнеше шеберлік сыныптарын өткізді. Ал, бұл бұрышта бейнелеу өнерін жаңа ғана меңгеріп жатқан балғындардың жұмысы. Бәйтерек, Хан-шатыр мен ЭКСПО нышаны. Балалардың Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен құрметі осы суреттерден-ақ көрініп тұр. Жас суретшілердің жетекшісі бұл туындылардың жасалу сырымен де бөлісті.

Анна Вуколова – “Арткомпот” өнер студиясының жетекшісі:

– Ең бастысы кезекпен жұмыс жасау. Бала өзінің қиялындағы немесе көрсеткен суретке қарап отырып салуы мүмкін. Әсіресе, кішкентай оқушыларымызға аздап қолғабыс жасаймыз. Көрмеде 10 шақты жұмыс қойылған. Бұл 8 бен 14 жас аралығындағы балалардың туындылары.

Ал облыстық балалар- жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері кішкентай қала тұрғындары үшін қызықты ойындар мен кітап көрмесін дайындапты. 

Әсия Бейсембаева – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі:

– Бүгін балалар өздерін жас сәулетші рөлінде байқап көре алады. Әрбір ұл-қыз келіп қиялындағы болашақтың қаласын жасай алады. Бұл жерде күн, ағаш пен әлемге танымал түрлі ғимараттардың суреттері бар. Мәселен, бұл балғындардың жасаған алғашқы коллажы. Сондай-ақ, оқырмандарымызға Астана қаласы жайлы айтып, кішігірім сыйлықтар ұсынбақпыз.

Мұражай алдындағы фотокөрмеден 19 жыл ішіндегі бас қаланың өзгеруін байқауға болады. Целиноград, кейін Ақмола қаласы атанған кездегі шаһар келбеті осы суреттерде бейнеленген. Бірнеше жыл аралығында Елордасында жүздеген ғимараттар бой көтеріп, қала адам танымастай өзгерді.

Бауыржан Әлібеков – қала тұрғыны:

– Целиноград кезінде болғанмын. Ол уақытта көшелері кішкентай қала еді. Қазір жарқыраған, әлемге танымал ел.

Алма Махаметова – қала тұрғыны:

– Астана-біздің жүрегіміздің лүпілі. Немерелеріміздің осындай уақытта өмір сүретініне қуаныштымын. Астанамыз жасай берсін!

Мерекелік бағдарлама бүгін кешкі 23/30да Жеңіс саябағындағы от шашумен аяқталмақ.

Эльмира Садвокасова

**********************************

Риат Шони – тілші:

– Затон станциясындағы мына кірпіш зауытының негізі 1961 жылы қаланды. Соңғы 9 жылда бұл кәсіпорын түрлі себептерге байланысты тұралап тұрды. Қуанышқа орай, Шымкенттен қалталы азамат табылып, биыл өндіріс ошағының таспасы Елорда күні қиылды.

Зауытты іске қосу мәртебесі Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков пен серіктестік құрылтайшысы Бегалы Мұхамедовке бұйырды. Бұл кәсіпорынды инвестор өткен жылдың қараша айында жекеменшігіне алған. 80 млн теңге инвестиция құйып, зауытты қайта іске қосты.

Бегалы Мұхамедов – “Стройкомплекс “Keramos” ЖШС құрылтайшысы:

– Бұл зауыт кішкентай. Алдағы уақытта қасына үлкенін салмақ ниеттеміз. Жұмыс орындары пайда болады.

Зауыт тәулігіне 15 мың дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Бұл қыштар арнайы пеште балшықты күйдіру арқылы жасалады. Ондағы қызу температурасы 1000 градустан астам. Бұнда өндірілетін кірпіш Кеңес Үкіметі тұсында көп сұранысқа ие болған. Әрі сапасына тең келетіндері болмапты. 10 жылға жуық тұралап қалған зауыттың іске қосылғаннан кейін кәсіпорын өз брендін жоғалтпайды деген сенімде мұндағылар. Себебі, қазіргі таңда өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үйлер бой көтеруде. Енді облысымыз құрылыста өзгенің емес өзіміздің кірпішті пайдаланбақ. Оның үстіне шиказатта жергілікті жерден.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Кәсіпорынның жанында шикізат алынатын жер бар. Балшық өте сапалы. Қазіргі таңда үй салып жатқандар көп. Сол себепті сұраныста молынан болады.

Зауыттағы қондырғылар жаңадан әкелінбеген. Тек бұрынғыларына қажетті саймандар сатып алынып, қайта іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда 29 адам еңбек етеді. Барлығыда солтүстікқазақстандықтар. Жұмысшылардың орташа жалақылары 60 мың теңгенің маңайында. Кәсіпорында әлі де болса 55 тей бос жұмыс орны бар.

Сергей Господаренко – “Стройкомплекс “Keramos” ЖШС бас механигі:

– Мен осында 9 жыл бұрын бас механик болып қызмет еткенмін. Қазір дәл сол жұмысыма қайта оралдым. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта мұнда тағы бір пеш пен пресс орнатылады. Жұмыс арта түседі. Бұл біз үшін жақсы хабар.

Кәсіпорын дәл темір жол торабының қасында орналасқан. Сол себепті дайын өнімді тасымалдауға да жеңіл болмақ.

 

Риат Шони

***************************************

Елорда күнінде Айыртау ауданындағы “Мега строй” сауда орталығының таспасы салтанатты түрде қиылды. Кәсіпкер Александр Бижов осымен үшінші мәрте “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына жүгініп отыр. Бұл жобаға ол 85 млн теңге қаражат жұмсапты. Сауда нүктесі ашылысымен 20 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Александр Бижов – “Мега строй” сауда орталығының жетекшісі, Айыртау ауданы:

– Бизнестің жол картасы – 2020″ мемлекеттік бағдарламасы арқылы 85 млн теңге көлемінде несие алып, осы сауда орталығын аштық. 20 адамға жұмыс орны пайда болды. Несиені уақытында төлеп отырамыз. Сол себепті бізге үнемі жеңілдіктер беріледі.

Сауда орталығы заманауи керек-жарақпен қамтылған. Ғимараттың іші 5 бөлікке бөлініпті. Сөреге қойылған тауарлар қолжетімді.

Сәуле Мүкеева – Айыртау ауданының тұрғыны:

– Мереке күні Айыртау ауданының орталығында мынандай ғажап сауда орталығы ашылып жатыр. Қуаныштымыз. Ішінде керектің барлығы бар.

Сондай-ақ, бұл күні аудан орталығында “Центр” кафесі ашылды. Мұнда келушілер шығыс асханасының тағамдарынан дәм тата алады.

Абдолла Искандар – “Центр” дәмханасының директоры:

– Біз барлық қонақтарды дәмханамызға шақырамыз. Мұнда 80-100 адамға арналған орын бар. Кәуәп пен палаудың сан алуан түрі бар. Барлығы дәмді. Жергілікті тұрғындардың көңілінен шығады деген ойдамын.

Соңғы 3 жылда аудан орталығында кәсіпкерлікке қатысты бірқатар нысандар салынып, жаңғыртылыпты.

 

Риат Шони

**********************************

Елордасы Астананың төл мейрамына орай Аққайың ауданы, Астраханка селосында әкімшілік-мәдени орталық ашылды. Бұл нысан заман талаптарына сай жабдықталған. Елеулі оқиғамен аудан әкімі Дәурен Байтөлешев ауыл тұрғындарын құттықтады.

ДӘУРЕН БАЙТӨЛЕШЕВ – АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Осындай мереке қарсаңында әкімшілік-мәдени орталық ашылып отыр. Баршаңызды атаулы күнмен құттықтаймын.

Ғимаратта Астраханка селолық округінің әкімшлік аппараты, учаскелік полиция инспекторының кабинеті, казпошта бөлімшесі мен бос уақыт өткізу орталығы жұмыс жасамақ. Жалпы нысан екі ай ішінде бой көтерген екен.

ЖАНАРХАН МӘПЕНОВ – «АСТРАХАНСКОЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 

– Астана күніне орай Астраханское ЖШС көмегімен осындай нысан ашылып жатыр. Ең бастысы барлығы бір жерде, өте ыңғайлы. Ғимарат екі айдың ішінде салынып бітті.

Ел игіліне пайдалануға берілген орталықта қызу жұмыс бүгіннен-ақ басталып кетті. Сондай-ақ, мереке күнінде Аққайың ауданында тағы 2 нысан ашылған: Степное селосындағы бос уақыт өткізу орталығы мен Дайындық ауылындағы кітапхана. Жалпы ағымдағы жылы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында өңірімізде тағы 30 ғимараттың ашылуы жоспарланған. 

Эльмира Садвокасова