МТРА жаңалықтары

“Жас өркен” ықшам ауданында 312 пәтерлік тұрғын үй кешенінің алғаш кірпіші қаланды

Әлихан Байқадамов – СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:

– Елімізде осындай бағдарламаның болғаны жақсы. Тәртіп сақшыларына арзан бағада үй сатып алуға мүмкіндік бар. Баспана мәселесін шешіп алсам жақсы болар еді. Отбасымда 5 адамбыз. Біз үш бөлмелі пәтер алсақ дейміз. Өзім осы қызметте 20 жылдан артық еңбек етемін.

Наурызбек Исин – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– ІІД 400 қызметкері баспанаға мұқтаж. 150-і әкімдіктерде тіркелген. Пәтер Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына, әкімдікте кезекте тұрған полиция өкілдеріне беріледі.

Бұл тәуелсіздік жылдарында ІІО-дарының қызметкерлері үшін алғаш тұрғызылған үй ретінде тарихқа енеді деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздердің адал еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Жақында жарты жылдықтың жұмыс қорытындысын шығардық. Өңірімізде қылмыстардың саны азайып келеді. Қылмыстарды ашу көрсеткіші жоғарылауда. Сіздер демалыс күндері қызмет бабымен жүресіздер. Құқықбұзушылықтар азайып, үйде жанұяларыңызбен бірге өткізетін уақыт табылсын! Сіздерге арналып “Астана күні” мерекесі қарсаңында үйдің алғашқы кірпіші қаланғалы жатыр.

Бүгінде біраз тәртіп сақшысы қаражаттарын Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жинап жатыр.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ диреткоры:

– Елімізде “Өз үйім” жобасы іске қосылды. Жоба аясында барлығы қатысып, жеке пәтеріне қол жеткізе алады. Тәртіп сақшыларына арнап үй тұрғызуға өңірдің бас полицейі Берік Біләлов мұрындық болып отыр. ІІД-ті бастығының бастамасын облыс әкімдігі қолдады.

Баспанаға мұқтаждардың бірі Айгүл Сәбитова. Қазір ата-анасының үйінде тұрады. ІІО еңбек еткен жолдасы қызмет бабында жүріп қаза тапқан. Жалғызбасты ана 2 баланы тәрбиелеп отыр.

Айгүл Сәбитова – СҚО ІІД ақпараттық-сараптамалық орталықтың инспекторы:
– Үш бөлмелі пәтерді алуға үмітенемін. Қызым мен ұлымның жеке жеке бөлмелері болса деймін. Барлық әріптестерімді Астана күнімен және Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын
.

Айгүл Сәбитоваға бүгін өзі тұратын үйдің алғашқы кірпішін қалау бақыты бұйырды.

Тұрғын үй кешенін “Кокшетауская топливная база” компаниясы өз қаражаты есебінен тұрғызады. Мердігерлер үйді келесі жылдың қыркүйегінде қолданысқа тапсыруға тырысамыз дейді.

Сәуленбек Құсайын – “Кокшетауская топливная база” ЖШС құрылтайшысы:

– Тұрғын үй кешені 5 үйден тұрады. 9 подъезді. Барлығы 312 пәтер болады. Соның 100-ін ІІД-нің қызметкерлері алады. Жайлылығы 3 сыныптағы пәтердің шаршы метрі 165 мың теңге болып белгіленді. Баспана “Нұрлы жер” бағдарламасының шарты бойынша салады. Біз құрылыс нарығында 21 жыл жүрміз.

Жобада 24 оранға шақталған балабақша мен шағын маркет қарастырылған.

Берік Қасен