Қоғам

Петропавлда 60 жыл отасқан қариялар тұрады

Бірі химия, екіншісі – математика пәндерінің мұғалімдері. Бүгінде ата-анасының жолын үлкен қыздары Ләззат Жалмұқанова жалғап отыр. Нәзік жандының 30 жылдан аса ұстаздық еңбек өтілі бар. Қазіргі таңда ол №17 ұлттық өркендеу мектеп кешенінің директоры қызметін атқарады. Ләззат Жұмағұлқызы әке-шешесі сынды шәкірт тәрбиелеу ісін таңдағанына еш өкінбейді.

Ләззат Жалмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп кешенінің директоры:

– Ата-анам өзіме үлгі болды. Сол кісілердей болсам деп ойлайтынмын.

Ал, үйдің екінші ұлы – жоғары санаттағы дәрігер. Осы күні Дәуренбек Бейсембаев облыстық наркологиялық орталықты басқарады.

Ақ халатты абзал жанның еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Ол осы уақыт ішіндегі бірнеше мекемеде қызмет атқарыпты. Қажырлы жұмысы үшін “Денсаулық сақтау саласының үздігі” төсбелгісі және “Шапағат” медалдарымен марапатталыпты. Жерлесіміздің дәрігер атануына ата-анасы себепкер болған екен. Дәлірек айтсақ – анасы.

Дәуренбек Бейсембаев – Облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Мектеп бітірген кезде ата-анам айтты, отбасымызда бір дәрігер болуы керек деп. Сол себепті Қарағанды қаласындағы медициналық институтқа оқуға түстім. ЖОО аяқтаған соң туған ауылыма келіп аурухананы, кейін аудандықты басқрадым. Ол жақта 15 жыл жұмыс істеппін. Кейін, облыс орталығына ауыстырды. Мұнда денсаулық сақтау басқармасы мен балалар ауруханасында еңбек еттім. Әке-шешемнің арманын орындадым деп ойлаймын.

Жалпы, Жұмағұл ата мен Кәміш әжей 7 баланы тәрбиеледі. Жұбайлар ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде олардан 18 немере сүйіп отыр. Шөберелерде өсіп келеді. Шаңырақ иелері дәл осы балаларының адал азамат болып өсулері үшін аянбай тер төккендіктерін айтады.

Жұмағұл Бейсембаев – ҚР Білім беру ісінің ардагері:

– Екеумізде мұғалім табысымыз азғантай болды. Дегенмен, балаларды жүдеткеніміз жоқ. Бәйбішем өзі киім тігіп беретін. Тәрбиеледік. “Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің дейт”. Қазір алған ақылды балаларымыз ер жетті.

Атамызбен апамыз Алланың ақ жолына түскен жандар. Екеуі де 5 уақыт намаз оқиды. Мешітке жиі барады. Тіпті, қазір 84 жастағы Жұмағұл қарт араб тілін де меңгеріп жатыр. Құран кітабында жазылған сүрелердің біразын айна-қатесіз жатқа біледі.

Ал, Кәміш апамыздың жасы келсе де әлі үй шаруасына араласады. Әр аптаның жұма күні бәліш пісіріп, туған-туысты қонаққа шақырады.

Кәміш Қайырова – “Алтын алқа” иегері, Тыл еңбеккері, “ҚР Білім беру ісінің ардагері”:

– Қонақ келгенді жақсы көрем. Қазірдің өзінде үйге қонақ келеді деп дайындалып отырм. Ауызашар жасайм, Айт шалам. Барлық дәстүрді ұстанамыз.

Тағы, ата-апамыз қоғамдық іс-шараларға да белсенді ат салысады. Мәселен, Бейсембаевтар әулеті 2015 жылы өткен облыстық “Мерейлі отбасы” байқауына қатысып, жеңімпаз атынған. Айта кетейік, маусымның 6-сы күні аның отасқандарына тура 60-жыл толады. Мерейтой иелері “Гауһар тойларын” дүркіретіп атап өтпек.

Байболат Бектемірұлы