Без категории

Облыстық мемлекеттік архивінде “Сырға толы Солтүстік: құнды құжаттар құпиясы” көрмесі ашылды

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Петропавл қаласының тарихы 1752 жылдан бастау алады. 265 жыл ішінде шаһарымызда түрлі өзгерістер орын алған. Әсіресе, қаланың гүлденуі Егемен Қазақстан тұсына келеді. Ширек ғасыр ішінде облыс орталығы адам танымастай өзгерген.

Біреу білсе, біреу білмес. 1925 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің бұйрығымен Петропавл қаласының атауы “Қызыл-жарға” ауыстырылды. Алайда, аталмыш шешім тек 1 жылға ғана созылған. Бұндағы құжаттар сол оқиғаның куәгері іспеттес.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры:

– Біздің өлкемізге қатысты тың деректердің барлығын жинап, қауымға ұсынып отырмыз.

Шара барысында облыстық мұрағат қызметкерлері жинақтаған “СҚО-ның әкімшілік-аумақтық бөлініс тарихынан” атты кітабының тұсауы кесілді. Бұндағы деректер өңіріміздің құрылған уақытынан бастап ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралыққа тиесілі. Сондай-ақ, “Солтүстікқазақстандық ханымдар мен арулар” және “Петропавл қаласы тарих толқынында” еңбектері де көпшілікке таныстырылды.

Ерлан Әбіл – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкері:

– Бұл кітапта әлем саяхатшыларының күнделіктерінен алынған деректер бар.

Теріскейлік белгілі нәзікжандылар жайлы кітап, әзірге электрондық нұсқада. Еңбекте 15 бұрымды туралы ақпарат бар. Болашақта бұл қатарды “Батыр-аналар” мен “Алтын алқа” иегерлері толықтырмақ.

Эльмира Сәдуақасова