Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да аймақ басшысының жаңа орынбасары тағайындалды

Ол 1981-ші жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Еліміздің бірнеше университетін экономист, заңгер және саясаттану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар әлеуметтік білім магистрі. Бұған қоса: қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жіті меңгерген. Дәурен Жандарбек өзінің еңбек жолын 2004-ші жылы ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінде жетекші маман болып бастаған. Ал 2015-ші жылы аталмыш ведомствода басқарушы лауазымда болған. Осы уақытқа дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саясаты жөніндегі Департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. Халықаралық қатынастар саласындағы еңбек өтілі ендігі жұмыста аса қажет болады дейді аймақ басшысы. Бүгінде алға қойылған басты мақсат – ол өңірге инвестиция тарту. Нақ осы саланы, сонымен қатар кәсіпкерлік, туризм мен индустриалды дамуды енді Дәурен Жандарбек қадағалайтын болады. Құмар Ақсақалов жаңа орынбасарына бірқатар тапсырмалар берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Облысқа отандық және де шетелдік инвестиция тарту керек. Ресей және Қытай мемлекеттерінің қалталы азаматтарымен әріптестік орнатуға аса көңіл болу қажет. Бүгінде аспан асты елінде қаражат көп. Ондағылар инвеститция құюға әзір. Сонымен қатар, тұралап қалған зауыттардың тамырына қайта қан жүгірту жағыда бір жақты етілу керек. Әр ауданда индустрияланды инновациялық даму жобасы болу қажет. Бірақ, ашығын айтқанда кей аудандар бұл бағытта құр алақан. Аудан әкімдерімен осы салада тиісті жұмыстар атқарыңыз.

 

Риат Шони