МТРА жаңалықтары

Осы аптада теріскейліктер екі бірдей мерейтойды атап өтпек

– Қазір шаһарымызда бұл мерекелерге орай қызу дайындық жүргізілуде. Бірер күннен кейін қаламыздың басты көшесі одан әрі жайнай түспек. Жалпы, Астана және қала күніне орайластырылған бағдарлама ауқымды. Солтүстікқазақстандықтар үшін мерекелік концерттен басқа, бірқатар алаңдарда түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Мейрам орталық алаңда сағат таңғы 11-де “Жайнай бер, жарқырай бер, Астана” мерекелік шарасынан бастау алмақ. Концертте жергілікті әртістермен қатар, “Астана опера” театрының солистері және “Дәуір” фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары назарына “Экспо-2017” көрмесіне арналған хореографиялық қойылым ұсынылмақ.

Мафруза Науанова – Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі:

– Облыстық өлкетану мұражайы алдында үлкен мен кішілер үшін суретшілер Смирнова мен Полякованың шеберлік сабақтары өткізіледі. Сондай-ақ, сол жерде “Астана-біздің мақтанышымыз” атты фотокөрме ұйымдастырылмақ. Алаңда түрлі тақырыпта сурет салып, пазл құрастыруға болады. Жалпы, бұл күні шаралар 6 алаңда ұйымдастырылады деп жоспарланған. Ауқымды бағдарлама кешкі 11/30-да Жеңіс Саябағындағы мерекелік от-шашумен аяқталады.

9-шы шілде күні атап өтілетін Петропавл қаласының 265 жылық мерейтойына Ресейдің Омбы, Түмен және Челябі қалаларынан өнер адамдары келмек. Ал шараның басты қонағы Қазақстанның халық әртісі – Роза Рымбаева болады. Сондай-ақ, теріскейліктер назарына “Иллюзия старого города” атты ауқымды көрме ұсынылмақ. Ол облыстық өлкетану мұражайы алаңында орналасады. Оған қоса, қала күнінде түрлі спорттық турнирлер өткізіледі деп жоспарланған. Ал жастар жағы болса, “Солтүстік жұлдызы” паркіндегі бірқатар шараларға қатыса алады. Бұл алаңда да таңертеңнен басталатын бағдарлама, мерекелік от-шашумен аяқталмақ.

Эльмира Сәдуақасова