МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер мың жылдық тарихы бар “Сабан той” мейрамын атап өтті

Егін егу науқаны аяқталып, қауырт жұмыстан кейін көпшілік кең тыныс алатын кез. Мейрамды атап өту үшін теріскейліктер таң атысымен демалыс паркінің алаңына жиылды. Көтеріңкі көңіл күймен ән шырқап, би билеген солтүстікқазақстандықтар арасында татар мен башқұрттардан басқа өзге де ұлт өкілдері бар.

–  Құрметті солтүстікқазақстандықтар, сіздерді сабантой мерекесімен құттықтаймын. Бұл тек татар халқының емес, барша ұлт өкілдеріне ортақ мейрамы деп ойлаймын. Баршаға ең бастысы бейбіт өмір мен молшылық тілеймін. Еккен егініміз мол өнім берсін!

Жиналғандарға, әсіресе, татар халық әндері айрықша әсер қалдырды. Мейраммен теріскейліктерді құттықтау үшін Қазан қаласынан Татарстан республикасының еңбек сіңірген әртісі арнайы келіпті. Алмаз Ишмуратов бұған дейін еліміздің бірнеше қалаларында болып, бүгінде өзінің концерттік бағдарламасымен Қызылжарға да ат басын бұрған екен.

Алмаз Ишмуратов – Татарстан республикасының еңбек сіңірген әртісі:


–  Біздің халқымыз үшін бұл мейрамның орны ерекше. Оның тарихы сонау 1100-ші жылдардан бастау алады. Сол уақыттан бері ұлы мерекені ел болып атап өтеміз. Бұрындары татар халқы егіс аяқтаған бітірген соң бірден мереке ұйымдастырған. Қазір егістік науқанымен қатар, ауа-райының қолайлығына да мән береді. Біз елімізде бұл мейрамды мамыр айында тойладық.

90-ға аяқ басқан Хамдунә Закирова болса, “Сабан той” мейрамын жыл сайын отбасымен бірге атап өтеді. Кейуана Петропавл қаласына Башқұрстаннан 1955 жылы қоныс аударған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана бұл жолы мерекеге қатарластарымен бірге тойлауда.

Хамдунә Закирова – қала тұрғыны:

 

– Сабантойға жиылған жұртшылықты осы мерекемен құттықтаймын. Әрбір үйде шаттық пен тыныштық болсын. Ашық аспан астында бейбіт күн кеше берейік. Тойымыз тойға ұлассын!

Мейрам соңы үлкен мен кішілер арасындағы спорттық сайыстармен жалғасты. Жалпы өңірімізде бүгінде 13 мыңға жуық татар халқы тату-тәтті өмір сүруде.

Эльмира Садвокасова