Балалар

Теріскейлік оқушылар халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінен оралды

Жүздері бал-бұл жанған ұл-қыздар Астана-Петропавл бағытындағы поездан түсіп жатыр. Бас шаһарға саяхат жасап келген балалар бірден ЭКСПО көрмесінен алған әсерлерімен бөлісті. Саят Тәліпов М. Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің 6 сынып оқушысы. Жеткіншек бұған дейін елордамызда болмапты. Енді міне көгілдір экраннан көріп жүрген бас қаламен жүздесу мүмкіндігінің туғанына қуанышты.

Саят Тәліпов – М.Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы:

– Маған негізі ЭКСПО-2017 көрмесінде Израильдің повильоны қатты ұнады. Онда мен бұл ел туралы көп мағлұмат алып, олардың ұсынған жобаларымен таныстым. Өте қызықты болды.

М. Айтқожин атындағы №1 орта мектебінен Астана қаласына саяхат жасауға 96 оқушы аттаныпты. Олар Елорданың көрікті жерлері мен халықаралық ЭКСПО көрмесін тегін тамашалап қайтты.

Наталья Михайлова – М.Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің мұғалімі:

– Бұл жолдамаларды қалалық әкімдіктің білім бөлімі мен біздің мектептің ұжымы ұйымдастырды. Астанаға негізінен оқуларын жақсы оқып, спорттық және қоғамдық іс-шараларға белсенді араласатын оқушылар барды.

Айта кетсек, бүгін тағы да осы білім ордасының 60-қа жуық оқушысына төрткүл дүние көз тіккен халықаралық ЭКСПО көрмесінің қалашықтарын аралап қайтуға жолдама берілді.

Тогжан Акмагамбетова