Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” ФК ақтаулық “Каспий” командасын қабылдады

Ойын басталды. Бірінші минуттардан-ақ жергілікті құрама қарқынды шабуылға көшіп, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті соққы жасап үлгерді. Бірақ қонақтардың қорғанысы сыр бермеді. Кездесудің 24-ші минутында қызылжарлықтар басымдылыққа ие болды. 15-ші нөмірде ойнаған қарсылас команданың қорғаушысы ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Бірақ ойының бірінші жартысында қызылжарлықтар бұл басымдылықты пайдалана алмады. Алғашқы 45 минутта есеп ашылмады.

15 минуттық үзілістен соң ақтаулық құраманың қарқыны күшейді. Бірақ “Қызылжар” қақпасына ұшқан соққылардың бәрі сәтсіздікпен аяқталды. Есеп тек 56-шы минутта ашылды. Қызылжарлық шабуылшы Тимур Мульдинов сол қапталдан көтерілген допты қақпаға баспен кіргізді. Есеп 1:0.

Мұнымен қызылжарлықтардың голдар тізбегі аяқталмады. Ойынның 83-ші минутында 24-ші нөмірлік Ступич Бошко ерекшеленіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Кездесу аяғына дейін есеп өзгермеді. Жеңіс жергілікті құраманың еншісінде. Кездесу нәтижесі бойынша “Қызыл-Жар СҚ” құрамасы бірінші лига командаларының турнирлік кестесінде үшінші орыннан екіншіге көтерілді.

Али Алиев, “Қызыл-Жар СҚ” командасының капитаны:

 

– Ұзақ үзілістің әсерінен ойын біршама қиынға соқты. Оған қоса, “Қызылжар” үшін “Каспий” құрамасы ең ыңғайсыз қарсылас. Бірақ ойынның екінші жартысында жігіттер сапалы ойын көрсете білді. Жеңіс біздікі. Бұл ойынан кейін нақты екінші орынға тұрақтадық. Енді келесі кездесуді көтеріңкі көңіл күймен өткіземіз.

Келесі кездесу 15-ші шілдеге жоспарланған. “Қызыл-Жар СҚ” командасы өз алаңында “Екібастұз” құрамасын қабылдайды.

Эльмира Садвокасова