Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігінде аппараттық кеңестің отырысы өтті

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Байқаудың ашық өтуін қамтамасыз етіңіздер. Меритократия принциптері сақталсын. Ол әр азамат үшін мансаптың жоғарлауына тең құқық туғызады.

Әр салада нәтижелі жұмыс тындырылса халықтан түстен шағымдар да қысқармақ деді облыс әкімі. Ұлт жоспарындағы 36 қадам – ауыл шаруашылығы маңызындағы жерлердің тиімді пайдалануын бақылау. 2015 жылы облыста 1 млн 117 мың гектар жер пайдаланылмаған. Оның 50 пайызы мемлекетке қайтарылды. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмысты одан ары жалғастырудың маңыны тоқталды. Елбасы тапсырмасы бойынша жергілікті атқарушы органдар сырттан инвестиция тарту жұмыстарына екпін беріп, әлемдік нарыққа шығу жағын қарастыруы қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 5 жыл аймаққа инвестиция тарту көрсеткіші 21 пайызға өскен. Бұл нәтижемен тоқмейілсуге болмайды. Атқарар шаруа шаш етектен.

Құмар Ақсақалов лауазымды тұлғаларға халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша тапсырмалар берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар Елбасы бастамасымен мемлекетімізде болып жатқан өзгерістерді біліп отыруы керек. Құрғақ шөппен ауыз сүрте бермеңдер. Атқарылған істе нақты нәтиже болуы керек. Мен жаныма депутаттарды ертіп алып шілде айының 15-інен бастап ауылдарды аралаймын. Халықпен, бизнесмендермен жүздесіп, олардан аудан, ауылдық округ әкімдерінің қандай жұмыс атқарғанын сұраймын.

Бүгінде тұрғындардың өмір сүру деңгейін жоғарылатуға басымдық берілуде. Биыл шілде айынан міндетті медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілерден жарна жиналады. Келесі жылдың қаңтарынан бастап азаматтар күрделі операцияларды тегін жасата алады.

Лариса Гордеева – Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетi СҚО бойынша департаментiнің басшысы:

– Медициналық сақтандыру қорына жарна ай сайын түсіп отыруы тиіс. Қорға жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде, балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атанғандар бар. Сонымен қатар тізімге соғыс ардагерлері мен мүгедектері, жұмыссыз азаматтар, күндізгі бөлімде оқып жүрген колледж, университет студенттері енген.

Облысымызда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде тегін ақпарат беретін Call-орталық жұмыс істейді.

Шілденің 6-сы барша қазақстандықтар еліміздің бас қаласы -Астананың туған күнін тойлайды. Бұл күні облысымызда барлығы 400 шара жоспарланған. Түрлі мекемелер жақсы еңбек еткен қызметкерлерін марапаттайды. Елдімекендерде мәдени көпшілік және спорттық сайыстар өткізіледі. Өңірімізде 20 жаңа нысан ашылады. Оның ішінде мәдениет және өндіріс ошақтары бар. Кешкісін облыс орталығында мерекелік отшашу жоспарланған.

Шілденің 9-ы Петропавл қаласы 265 жасқа толады. Биыл қала күнін де кең көлемде атап өту жоспарланған. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мереке күндері қауіпсіздік шаралары күшейтілсін деп тапсырма берді.

Берік Қасен