МТРА жаңалықтары

Ресейлік “Grand” циркінің әртістері қаламызда өнер көрсетуде

Наталья Укола – “Grand” циркінің әртісі, РФ:

– Сахнаға шыққан сайын бір қорқыныш болады. Алайда, биікке көтеріліп, ауада өнер көрсеткенде бойымдағы тасып жатқан энергиямды шығарып, ерекше сезімге бөленемін. Әрбір қойылым мен трюкты дайындау барысында бар күш-жігерімізді саламыз. Сондықтан, көрерменге де ұнайды деген ойдамын.

Ал 2 метрлі робот-титанның өнері балаларды ғана емес, үлкендерді де таңдай қақтырды. Бұндай әртіс Ресейдің тек екі циркінде ғана бар екен. Әдетте, мультфильмдер мен кинодан көретін кейіпкер, бүгін балғындармен әңгімелесіп, ән айтып, би де биледі.

Ал енді сахнаға “Темір Алекс” атанып кеткен Алексей Шилин шықты. Кезінде оның анасы циркте жұмыс істеген. Сондықтан, баласы да өнер ұжымында өсіп, тәрбиеленіпті. Осы уақыт ішінде ол клоун, гимнаст пен жанглер де болып өнер көрсеткен. Кейін танымал Юрий Никулиннің шәкірті өзін жаңа бағытта сынап көрмек болып, экстремалды жанрды таңдаған.

Алексей Шилин – “Grand” циркінің әртісі, РФ:

– Экстремал болып өнер көрсетіп жүргеніме 15 жыл болды. Сондықтан, қобалжу мен қорқынышты толықтай жеңе алдым деп ойлаймын. Әлі де алар асуым мен бағындырар шыңым алда деп сенемін. Осы жетістіктеріммен тоқтамай, көрермендер назарына таң қаларлық қойылымдарды ұсынғым келеді.

Көрермендер басты кейіпкердің өнеріне тәнті болды. Айта кеткен жөн, бұл трюк Гиннес рекордтар кітабына енген. Жалпы цирк ұжымы теріскейлік көрермендерге тең ең үздік әрі ең қызықты көрсетілімдерін әкеліпті. Қойылым бағдарламасы екі жарым сағатты құрайды. Сондай-ақ, циркке билет сатып алсаңыз, екі адамға арналған Хайнань аралына жолдама ұтып алу мүмкіндігіне ие боласыз. Күн сайын көрсетілім барысында көрермендер арасынан екі финалист таңдалады. Ал жеңімпаз 9 шілде күні анықталмақ.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Цирктегі сүйкімді хайуанаттардың бірі – қонжық. Бармолейдің үлкен сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 1 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ол өзінің сүйікті көрермендерін тауып үлгерген.

Экзотикалық жануарлар мен талантты әртістердің өнерін тамашалауға келген көрермен көңілді тарасты.

– Ең әсерлі болғаны жолбарыстың өнер көрсеткені. Ол сахнада өзінің қайсарлығын көрсетті.

– Маған роботтың көрсеткен өнері өте қатты ұнады. Сондай-ақ, “Темір Алекстің” трюктері таң қалдырмай қоймады. Циркке келгеніме еш өкінген жоқпын. Керемет болды.

Ресейлік “Гранд” циркі шаһарда 9 шілдеге дейін тұрақтамақ.

 

Эльмира Сәдуақасова