Өнеркәсіп

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова “ПАМЖ” АҚ аралады

Қуаныш Бишімов – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:


–  Алдағы 3 жылдың ішінде біз құны 4 млрд теңге болатын қайта жаңғыру жұмыстарын жүргіземіз. Осының арқасында тауар көлемі еселеп артпақ. Осылайша 2021 жылға қарай 20 млрд теңгенің өнімін шығарамыз деген үміттеміз.

Зауытта Тамара Дүйсенова жұмысшылармен де сұхбаттасты. Әңгіме барысында министр компания басшысына еңбекке жас мамандарды көптеп тартуды тапсырды. Кәсіпорында еңбектенуге ниеттен жастар мен тәжірбиелі қызметкерлер біліктілікті артыру курстарында тегін оқытылмақ.

Тамара Дүйсенова – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Зауыт жаңа технологиямен толықса міндетті түрде қызметкерлерді оқыту керек. Әсіресе, жастарды. Сонымен қатар, ұзақ жылдың еңбек өтілі бар жандарды да біліктіліктерін артырған жөн. Жаңа өзгертілген бағдарлама аясында мамандардың білім алу шығынының 70 пайызын – мемлекет, ал 30 пайызын жұмыс беруші өтейді. Бұл бағытқа үкіметтен 85 млрд теңге бөлінді.

Тағы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін жұмысшылардың баспанамен қамтылуы қызықтырды. Жыл артқан сайын теріскейде бұл өзекті мәселе өз шешімін тауып келеді. Өңірде халық игілігі үшін тұрғын үй көптен тұрғызылуда. Мәселен, биыл 1000 пәтер кілтін тұрғындарға табысталмақ.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жамбыл көшесі бойындағы ескірген үйлер қиратылуда. Ол жерлерге жаңадан нысандар тұрғызылады. Кейін, жерлестеріміз “Тұрғын үй құрылыс жинақ” банкі арқылы баспанаға ие болу мүмкіндігіне ие. Жоспар бойынша әр жылы 1000 пәтерді тапсырмақпыз.

Тамара Дүйсенова “ПАМЖ” АҚ бас директоры мен жұмысшылары арасындағы “Ұжымдық келісім-шартқа” қол қою сәтіне де куәгер болды. Қабылданған құжат аясында компания бөлген 1 млрд 100 млн теңге қызметкерлердің әлеуметтің мүмкіндіктеріне жұмсалатын болады.

Бүгінде теріскейдегі көптеген өндіріс ошақтарында еңбек заңнамасы қатаң сақталуда. Солардың бірі Мамлют ауданындағы – “Мамбетов и К” КС. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестікте жалақы уақытылы беріледі.

Тұрар Қасымов – “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Мен 2 жылдан бері “Мамбетов и К” КС жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде жұмыста ешқандай түйткүлді мәселе болған жоқ.

ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұловтың айтуынша биыл өңірдегі жұмыс орындарында 23 оқыс оқиға тіркелген. Осыған байланысты 88 әкімшілік хаттама толтырылып, 13 млн теңге айыппұл салыныпты.

Култанов Байболат