МТРА жаңалықтары

“Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте” байқауы өтті

Орал Жанатов, тілдерді оқыту орталығының әдіскері:

– Байқау республикалық деңгейде биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Мұның алдында тек облыс көлемінде ғана ұйымдастырылды. Қатысушы сайыскерлер мемлекеттік қызметшілер болуы керек. Өйткені сайыс олардың кәсіби мерекелеріне арналып отыр. Негізгі мақсат мемлекекеттік органдарда мемлекеттік тілдің рөлін арттыру.

Бәйге төрт кезеңнен тұрды. Топты таныстыру сайысынан бөлек қатысушылар ел төңірегінде орналасқан танымал жер-су атауларын сипаттау, қанатты сөздердің жалғасын табу және музыкалық нөмір немесе театралды қойлым қоюдан сайысты.

Қатысушы командалардың бірі “15-ші өңір” деп аталады. Топ қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлерінен жасақталған. Полицейлер бұл сайысқа алғаш рет қатысып отыр. Топ басшысы Нұрбай Сәбитов команданың жеңісіне сенеді.

Нұрбай Сәбитов, қатысушы:

– Сайысқа ішкі істер департаменті өз командасын үкілеп әкеліп отыр. Басты үмітіміз жеңіс. Осы мақсатта барынша тырысамыз. Біздің топ мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанған топты анықтау барысында қатысушылардың тіл байлығы,тазалығы, берілген жауаптардың толықтығы және сөйлеу мәнері ескерілді. Нәтижесінде қалалық ішкі істер деапартаментінің “15-ші өңір командасы” жеңімпаз атанып, бәйгенің республикалық кезеңіне жолдама алды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика басқарамасы қызметкерлерінен құрылған топ екінші орынды иеленсе, үздік үштікті 2032 әскери бөлімінің намысын қорғаған “Алтын қырандар” командасы тұйықтады. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Саят Ермек