МТРА жаңалықтары

Жамбыл ауданында кешенді оқу-жаттығу жиыны өтті

Асқат Ержанов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Жыл басынан елімізде орманның өртену фактілері тіркелген. Сол себепті бұндай оқыс оқиғаны болдырмау үшін бүгін Жамбыл ауданы аумағында кешенді оқу-жаттығу жиындары өткізілуде. Бұл шарада ауданның азаматтық қорғаныс құрылымдары толығымен қамтылмақ. Орман алқабы өртке оранса, онда ауыл тұрғындарына да үлкен қауіп төнбек. Осыған орай, өңіріміздің барлық аймақтарында осындай жиындарды ұйымдастырып, құтқарушылардың дайындығын байқаймыз.

Өрт сөндіру бөліміне алғашқы төтенше жағдай – орман алқабы маңында өрттің орын алуы жайында хабар түсті.

Жалпы, осы аумақта соңғы 6 жыл ішінде орманның өртке орану жағдайы кездеспеген. Дегенмен, өрт сөндірушілердің жасыл желекті тілсіз жаудан аман алып қалу жөніндегі шеберліктері байқалды. Бұл жолы құтқарушылар оқиға орнына 10 минут ішінде жетіп, 15 минутта апатты ауыздықтады. Кейін эвакуациялық бригада оқыс оқиға орын алған аймақтан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді.

Жағдай енді тұрақталып еді, бірнеше минуттан кейін радиациялық және химиялық барлау қызметіне тағы бір төтенше жағдай туралы хабар келіп түсті. Радиациялық улану қаупін алдын-алып, өртті ауыздықтау үшін құтқарушыларға бір сағатқа дейін уақыт берілген.

Жанат Мұхаметқалиев – Пресновка селосының № 11 өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі бөлімінің қарауыл бастығы, Жамбыл ауданы:

– Ғарыш айлағынан тасығыш-зымыран ұшырылып, оның қирауы салдарынан аймаққа зымыран бөлшектері түсті. Бұл сынықтарда гептил сынды улы элементтің қалдықтары кездесті. Сондықтан, пайда болған өртті сөндіріп, төтенше жағдайдың таралуын болдырмадық.

Төтенше жағдайда мамандардың әрекет етуін арнайы комиссия бақылап, оң деген баға берді. Аудандық құтқарушылар кез-келген оқыс оқиғаға толығымен дайын екен.

 

Эльмира Садвокасова