МТРА жаңалықтары

Журналистер қошеметке бөленуде

Руслан Қайыркенов – ҚР ҰҰ Әскери институтының баспасөз хатшысы:

– Жалпы еңбек өтілім – 15 жыл. Ал әскер қатарында 12 жыл қызмет етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Барлық БАҚ құралдарымен байланыстамын. Әскери журналист болу қызықты. Өйткені, сен жай ғана журналист емессің. Форма мен погон тағынып, өзге әріптестеріңмен бірге әскери сапқа тұрасың. Ақпарат таратудан басқа да міндеттерің бар.

Ал Жансұлу Тастемірова әскери форма кимесе де, осы салаға етене жақын. Себебі ол бала кезден әскери ортада өскен. Ал қазір ол “МТРА” журналист болып қызмет етеді. Жансұлу түрлі тақырыпта бейнематериалдар әзірлейді. Бірақ өзіне аталған салада қалам тербеген ұнайды екен. Бүгінде әріптесімнің еңбегі бағаланып, марапатқа ие болып отыр.

Жансұлу Тастемірова – «МТРА» тілшісі:

– Өзім әскери отбасынан шықтым. Әкем де, анам да әскери қызметкерлер. Сондықтан бұл тақырыпта материал әзірлеу маған ұнайды.

Журналистердің кәсіби мерекелерімен әскери институт үнемі ұмытпай құттықтап тұрады. Биыл да олар бұл дәстүрден жаңылмады. Өңіріміздегі 3 телеарнаның басшыларын арнайы төс белгілермен марапаттады. Ал тілшілер қауымына грамоталар табыс етілді.

Жұмабек Ахметов – ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

– Бүгінде біздің әскери институт елімізде үлкен мәртебеге ие жоғарғы оқу орны. Бұл ретте 4-ші билік өкілдерінің қосқан үлесі зор. Сіздер үнемі біздің жұмысымыз жайлы және менің курсанттарым туралы ақпараттар таратасыздар. Күн-түн демей, жауын-шашынға қарамай әскерилермен бірге оқу-жаттығу жұмыстарына шығасыздар. Шыдамдылықтарыңыз үшін рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Шара соңында БАҚ өкілдері естелік суретке түсіп тарқасты.

 

Айгерим Ержанова