МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында журналистерге арналған семинар өтті

Инесса Қуанова – отставкадағы судья:

-“Үкім” сөзін тек алқабилер сотының қылмыстық іске байланысты шығарған шешімі жайында айтуға болады. Алайда, соңғы кезде көптеген бұқаралық ақпарат құралдарынан бұл сөздің қолданылу аясын өзгертіп жатқандарын кездестірудемін. Олар жалғыз судьяның шығаратын жазасын “үкім” деп жатады. Сондықтан, күнделікті өмірде қолданылатын сөз болып көрінгенімен, бұндай терминдердің мағыналарына мән беру қажет.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Наталья Шаталова болса, тілшілер қауымына сот отырысы залындағы бақ өкілдерінің негізгі құқықтарын баяндауда. Мәселен, журналистер кез келген соттың және сот инстанцияларының ашық қарауындағы қылмыстық және азаматтық істерге қатыса алады. Тіпті, қызмет куәлігінсіз де отырысқа кіру мүмкіндігі қарастырылған.

Наталья Шалаева – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы:

– БАҚ өкілдеріне сот процестеріне қатысуға байланысты судья белгілі бір шектеу қоя алады. Мәселен, сот залы адамға лық толы болғанда журналистердің қатыспауы мүмкін. Немесе, олардың жұмысына шектеулі уақыт беріледі. Жалпы, тілшілер қауымы отырыс кезінде видео, аудиожазбалар жасауға құқылы.

Ал құқықтық тақырыптағы материалдарды халыққа түсінікті әрі қызықты жеткізу жайын сот репортерлері гильдиясының мүшесі Ульяна Ашимова баяндады. Журналистің айтуынша, ең бастысы, айыпталушы мен айыптаушы тарапқа бірдей әділ болу қажет. Себебі, сот процесіне қатыспаған халық бұл материалды көргенде өз пікірін қалыптастыру қажет. Сондықтан, тілшілерге сын есімдерді шамадан тыс қолданбаған жөн.

Ульяна Ашимова – “Сот репортерлері гильдиясы” ҚБ мүшесі, журналист:

– Құқықтық тақырыптағы материалдардың басқадан өз өзгешелігі бар. Сондықтан, тілшілер қауымына арнап осындай семинарды өткізуді шештік. Жалпы, өңірімізде фемида өкілдері мен тілшілердің арасында тығыз байланыс орнаған.

Атап өту қажет, бұндай екіжақты семинар облыс орталығында алғаш рет өткізілуде.

 

Эльмира Садвокасова