Спорт

Биыл мектеп оқушыларының 93 пайызы жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылмақ

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Түрлі спорттық жарыстарға 8 мың оқушы қатыстырылады. Білім беру мен спорт желісі бойынша 40 мыңнан астам жасөспірім жаттығу-сайысу шарасына ат салысады. Сонымен қатар, Петропавл қаласында стритболдан, футбол, бокс, тай боксы, каратэ сынды спорт түрлерінен тегін жаттығулар мен жарыстар өткізіледі. Бұған қоса 35 жастан асқан адамдар арасында бокстан әуесқой турнир ұйымдастырылады.

Ал Петропавл қаласында биыл сыйқы мүлдем қашқан “Жастар” стадионы қайта жаңғыртылмақ. Қазір мұнда трибуналар толығымен алынып тасталған. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 55 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, шаһарда жастар арасында өте танымал стрит воркаут спорты белсенді дамытылмақ.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Былтыр біз стрит воркаутпен айналысуға арналған екі бірдей тренажер кешенін орнаттық. Биыл аталмыш спорт түрінің республикалық федерациясымен келісім шарт орнаттық. Енді олар тағы екі кешен орнатуға дайын. Ал шілденің 2-і күні стрит воркауттан жарыс өткіземіз.

Жалпы осы жылы мектеп оқушыларының 93 пайызы жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылмақ. Ол үшін облыста 838 сауықтыру лагері мен алаңқайлар жұмыс жасайды. Бұдан бөлек “Балдәурен” республикалық балалар демалыс орнына 224, “Бөбек” ұлттық білім беру және сауықтыру орталығына 80 және “Солнечный” балалар санаторийіне 750 жолдама берілген. Тағы айта кететін жәйт, елорда төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де мектеп оқушылары барып, түрлі инновациялық жобаларды тамашалауда.

Күлпәш Қалғожина – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– ЭКСПО-ға 11 мың оқушы барады деп жоспарланған. Бүгінде соның 436-сы ауқымды шараға барып келді.

Жоспар бойынша маусым мен шілде айларында 12 облыстық спорттық шара ұйымдастырылмақ. Оған 2 мыңнан астам бала қатысады.

 

Риат Шони